Шымкенттегі орталық мешітке белгісіз әйел баласын тастап кетті. Алла үйінде тып-тыныш ұйықтап жатқан бөббекті ғибадатхана қызметкерлері тауып алған. Әйелдерге арналған намазхана бөлмесінде бүлдіршінді қалдырған азаматша да көп ұзамай анықталды. Оның періште-сәбиді мешітке қандай оймен қалдырып кеткені қазыр анықталып жатыр.
Құтпан намазы кезінде әйелдерга арналған намазхана бөлмесінде баланы ұстап отырған әйелді орталық мешіттің көмекшісі байқайды. Арада жарты сағат өткенен кейін мешіт бөлмелерін аралап қарағанда әлгі бала жалғыз қалғанын көріп, оның анасын іздеуге мешіттегі қызметкерлер бірлесіп кіріскен.
Саян Исқақов, ОҚО орталық мешіт имамының көмекшісі: «Келсек, бала ұйықтап жатыр екен. Әлгі әйел сол баланы тастап шығып кеткен екен. Мешіттің ауласын қарап, жан-жақты іздеп, таппаған соң Абай бөлімшесінің полиция қызметкерлеріне хабар бердік.»
Оқиға орнына келген жол-патрульдік полициясы полкінің инспекторлары нәрестені қалдырып кеткен азаматшаны сол маңнан тапты. Мешіттегі қызметкер де бүлдіршін сол әйелмен келгенін растап берді.
Мылтықбай Алдабергенов, Шымкент ҚІІБ жол-патрульдік полициясы полкінің 4-рота инспекторы: «Берілген шақыртуға жедел келгенімізде осы мешіттің имамынан баланы алдық. Анасы шет жақта қашып жүрген жерінен ұсталды. Баланы алып, полицияға жеткіземіз.»
Баланың қасынан табылған құжат бойынша анықталған әйел — ОҚО Қазығұрт ауданының тұрғыны. Табылған бөбек пен әлгі әйел аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Енді ол әйелдің қандай оймен баланы мешітте қалдырғаны анықталатын болады.