Кәсіпкерлікті студенттер де үйреніп жүр

Кәсіпкерліктің қыр-сырын жас-кәрінің барлығы да білуі тиіс. Шымкенттегі кәсіпкерлік мектебі бизнеске жол ашудың сан сырын қаламыздағы №6 колледждің студенттеріне оқытуды бастады.

Кәсіптен нәсіп тапсам деп жүрген белсенді оқушының бірі — Ажар Аштан. Болашақта ұлттық тағамдарымыздың бизнесін дамытуды армандайтын ару бүгінгі кәсіпкерлік сабағынан алған кеңесі ертеіңгі күні нәтижесін береріне сенімді.

Ажар Аштан, студент: «Кәсіпкерлік сабағында мені таң қалдырғаны мына ақпарат: біз негізінен бір кәсіпті бастау үшін оған үлкен көлемде қаржы керек деп ойлаймын. Ал негізінен бар мәселе онда емес екен. Яғни, түрлі жарнамаларды қолданып, түрлі әдіс-тәсілдерге көшсек, аз ақшамен де ірі бизнес бастауға болады екен. Осы секілді көптеген кеңестерге қанық болып жатырмын. Бұйыртса, осындағы сабақтарды толық оқып, болашақ кәсібімнің іргетасын қалаймын деп ойлаймын.»

Кәсіпкерлік мектебі ашылған бір жарым жыл ішінде кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының мамандары 10 мыңдай кәсіпкердің білім алуына жол ашқан. Облыс бойынша жүзеге асқан осы жоба бойынша кәсіпкерлік сабақтарына қатысқан азаматтардың 30-40 пайызы бүгінде өз бизнесін бастапты. Рас. Бүгін оқу бітірген түлектің барлығы да жаппай жұмысқа орналасып кете алмайды. Сондықтан мектеп оқытқан кәсіпкерлік дәрісі оқыған адамға артықтық етпейтіні шындық.

Қос тарап болашақта да тығыз қарым-қатынас орнату үшін екі жақты меморандумға қол қойды. Бұл қаламыздағы №6 колледждің студенттері оқуын бітірген соң жұмыссыз қалмайды деген сенімді көкейге ұялатады.

Шаһардағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мұндай дәрістердің алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтады. Егер ұтымды ойың мен берекелі бизнес-жоспарың болса, тартынба, замандас. Шымкенттегі кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жас демей, кәрі демей, бизнесіңнің өркендеуіне қол ұшын созуға дайын.