Майра Мұхамедқызы: «Шымкентте туылмағаныма өкіндім»

844
Майра Мұхаммедқызы

Әлемге аты мәшһүр Майра Мұхамедқызы — операда қазақтан шыққан тұңғыш әзірге жалғыз әнші. Күллі кәрі құрлықты өз өнерімен тәнті еткен күміс көмей әншінің дауысында даламыздың дархандығы жатқандай. Батыстың беделді өнер ошақтарын бағындырған опера өнерінің шоқ жұлдызы шығармашылығының 20 жылдығына орай Қазақ жеріндегі концерттік бағдарламасын Оңтүстіктен бастаған болатын.

Майра Мұхаммедқызы
Майра Мұхаммедқызы

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрында өткен әнші әпкеміздің шығармашылық кешіне біз де барған болатынбыз. Концерттің басталуына санаулы минуттар қалғанда, сахна сыртында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, мемлеттік сыйлықтың лауреаты Майра Керейден (сахналық аты) сұхбат алудың сәті түсті.

— Майра әпке, Оңтүстік қош келіпсіз!

— Рахмет!

— Шымкентте бұған дейін болып па едіңіз?

— Жоқ. Бірінші рет. Сосын «Біссімілдә» деп, осы жыл басын Оңтүстік топырағында қарсы алғанды жөн көрдім.

— Шымкенттіктер сізді қалай қарсы алды?

— Билет бірден сатылып кетті. Соған қарағанда Оңтүстік халқы мені мерекеде жақсы көңілмен күтіп тұрған сияқты. Сол себепті жүрегім лүпілдеп, барымды салайын деп тұрмын.

— Естуімізше концерттік бағдарламаңызды Шымкенттен бастап жатыр екенсіз. Не себепті Шымкентті таңдадыңыз?

— Қазақтың кең даласында Оңтүстіктің алар орны ерекше. Мен үшін Оңтүстік өңірі — ең киелі жер. Өйткені, Түркістаннан бастап мұнда қанша ата-бабаларымыз, әулиелеріміз жатыр. Сондықтан ниет етіп келдім. Оның үстіне көктем, Наурыз осы жақтан басталады. Сол себепті ары ойлап, бері ойлап, осы жерді таңдадым. Біз, Қазақ, ырымшыл халықпыз ғой. Осындай керемет мерекеде жаңа жылдың басында, бір жаңалықпен келгім келді. Сондай-ақ, биыл менің шығармашылықта жүргеніме 20 жыл толады. Осынау бір керемет мереке — Наурыз айын жүзі жылы, шырайлы Оңтүстік халқымен бірге бастағым келді.

— Бірер жылдан бері Шымкентте опера және балет театры жұмыс істеп келеді. Ондағы ұжыммен танысқан боларсыз? Өнерпаздарымыздың деңгейі қандай екен?

— Енді-енді танысып жатырмын. Бұған дейінгі ашылуына да мені шақырған жоқ. Басқа әншілер келіп қатысқан. Сол кезде әттеген-ай деп қалып едім. Шымкентте туылмағанымды-ай дедім. Сондықтан келешекте бәрі болады деп ойлаймын. Бүгін, міне, сол әріптестерімді шақырдым. Осы менің торқалы тойыма келіңдер, бірге ән салайық деп. Мен өте қуаныштымын. Өйткені, біздің елдің төріндегі бұл — үшінші опера театры. Осындай мәдениет ордаларының, ошақтарының бой көтеруі Елбасымыздың дара саясатының нәтижесінде деп ойлаймын.

— Қазақы көйлек киіп тұрғаныңызға қарағанда, бүгінгі концертіңізде қазақша әндер көп болатын секілді…

— Міндетті түрде көп болады. Өйткені, өзімнің Қазақ әніне деген жаным да, жүрегім де, көңіл-күйім де бөлек. Халық әндерінің мен үшін орны бөлек. Сол үшін мен қайда жүрсем де бірінші кезекте осындай қазақи дәстүрімізбен, әдемі киімімізбен, оркестрмен халыққа өз өнерімізді көрсеткім келеді. Ата-бабаларымыз қалдырған өнердің інжу-маржандарын орындасам деймін.

— Маман ретінде Қазаққа опера не береді деп ойлайсыз?

— Опера деген бүкіл әннің шыңы, әннің биігі. Сондықтан Қазаққа опера жат деген сөзге қосылмаймын. Өйткені, біздің операмыздың 80 жылдық тарихы бар. Біздің ұлы сазгерлеріміз бен әншілеріміз дара салып кеткен жол бар. Мінекей, жас ұрпақ осыны жалғап келеміз. Сондықтан біздің Қазақтың әні мен күйі даласы сияқты кең. Үлкен Италияның операларынан ешқандай кемі жоқ. Меніңше, біздің тума талантымыз да осы операның мекені сияқты.

— Кейбір сыншылар опера әншілері қазір той-томалақ қуып, опера өнерінің бағасын арзандатып жіберді дейді. Осы оймен келісесіз бе?

— Жоқ. Себебі, біз, Қазақ, тойшыл халықпыз ғой. «30 күн ойын, 40 күн тойы» деп айтып жатамыз. Мен өзім де тойға барам, шақырған уақытта. Оның өзі қазіргі уақытта шоу-бизнес болды. Яғни, ақша табудың көзі. Оның үстіне мына жалақымыздың аздығынан ол да бізге жақсы кіріс. Ал енді халық бар жерде біз бір деңгейде өнер көрсетеміз. Халық бар жерде өнер бар деп ойлаймын.

— Болашақта өз мектебіңізді ашу ойыңызда жоқ па? Жалпы, қазір соңыңыздан ерген шәкірттеріңіз бар ма?

— Шәкіртім жоқ, өкінішке орай. Қытайда 6 жыл мұғалім болып істедім. Сонда 20 шақты шәкірттім. Бірақ, енді Қазақ еліне келген соң бар өнерімді салып, өзімнің талантымды көрсетіп жүрдім. Содан бері, міне, 20 жыл өтіп кетіпті. Енді ол жағы Алланың еншілігінде. Үкімет қолқа салып, мектеп ашып беріп жатса, мен қуана-қуана еңбек етер едім.

— Қытай деп қалдыңыз, сол елмен салыстырғанда біздегі опера өнерінің деңгейі қандай?

— Бәрі бірдей. Барлық жерде жаңадан ашылып жатқан театрлар бар. Жаңадан көерермен жинап жатқан театрлар бар. Әркімнің репертуары да, әркімнің өнері де барлығының өнерімен бірдей сияқты, менің ойымша.

— Европа халқының алдында Қазақ әндерін шырқаған боларсыз? Қалай қабылдады?

— Әрине, жүрген жерімде Қазақты насихаттап жүремін. Көбінесе, ән айтпай жатып-ақ, осы әшекейлі көйлегімізбен шыға келгенде Европа халқы таңырқап жатады. Оның үстіне бабадан қалған інжу-маржандарымызды Сарыарқадан бастап шырқағанда шетелдіктер орындарынан тік тұрып, шапалақтайды.

— Сұхбатыңызға рахмет! Шығармашылығыңызға табыс тілейміз!

rgee