Малайзиялық желаяқ Шымкенттен жүгіріп өтті

Жібек жолы арқылы Марко Полоның жолын жаңғыртамыз. 30-наурыздан бастап Қытайдан жүгіріп келе жатқан малайзиялық желаяқ Сууайба Мұхаммед Насыр Қазақстанға да жетті. Жүздеген шақырымды артқа тастаған нәзік жандымен Шымкенттің шенділері де кездесіп, пікір алмасты.

«Жібек жолының бойымен Марко Полодай жүріп өтеміз». Малайзиялық желаяқ Сууайба Мұхаммед Насырдың бұл жорығы осылай аталады. Жолының «бісмілләсін» Пекиннен бастаған 41 жасар желаяқ 500 шақырымды артқа тастапты. Жаны нәзік келіншек осы уақыт аралығында табиғаттың түрлі райына да төтеп келеді.

Сууайба Мұхаммед Насыр

Сууайба Мұхаммед Насыр: «Жүгіруге бала күнімнен-ақ құмар болып өстім. Мен, тіпті, өз өмірімді спорттың бұл түрінсіз елестете алмаймын. Осының арқасында халықаралық түрлі жарыстарға қатысып жүрмін. Желаяқтық бойынша көшбасшы екеніммен мақтанам. Осы ретте Қазақ еліне үлкен алғысымды білдірем. Өйткені сіздердің қолдауларыңызсыз менің жолым дәл осындай сәтті болмас еді. Бұл — менің Қазақстанға алғаш келуім. Болашақта тағы да сіздерде қонақ боламын деп ойлаймын.»

Өзінің қиын да қызықты жолында жеңіл атлетшіні отандастары да демеп келеді. Бірі оның ізгі жолын таспаға түсірсе, екіншісі желаяқтың денсаулығына қарайлап жүр. Дегенмен, СууАйбаның медициналық көмекке мұқтаждығы байқалмайды. Өйткені, стайердің тәжірибесі мол. Ол бұған дейін 1111 шақырымды бағындырып үлгерген.

Сууайба Мұхаммед Насыр

Баспасөз жиынынан соң желаяқ ханым Шымкенттің көшелерінен жүгіріп өтті. Біздің жас спортшылар да СууАйбамен бірге ілесіп, 15 шақырымды артта қалдырды.

Мұнан әрі малайзиялық желаяқты одан да қиын жол тосып тұр. Өйткені СууАйба әлі Өзбекстан, Түрікменстан, Иран, Болгария, Сербия, Хорватия, Словения сынды елдерден асуы керек. Желаяқтың соңғы нүктесі — Италия. Ал Венецияда СууАйбаның Малайзиялық министрдің жұбайы күтіп алады. Өйткені, осы осы сапар сол азаматтың қолдауымен өтіп жатыр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=FHNdYIMQMbo[/youtube]

Жібек жолы бойымен өтетін жолдың жалпы ұзындығы — 3333 шақырым. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба халықтар достығын нығайтуға бағытталған.