(Жалғасы. Басы газеттің өткен нөмірінде)
СИПАП ОТЫРЫҢЫЗ
Сүт безі етеккірмен тығыз байланысты. Етеккір уақыты жақындағанда кеуде тұсыңыз ісініп, үрпісіне сұйықтық жиналады. Бұл қалыпты жағдай. Аздап сыздауы да мүмкін. Етеккір уақыты аяқталғаннан кейін омырауыңызды үйде айна алдында сипап тұруды әдетке айналдырыңыз. Шеңбер түрінде қолтық астынан бастап бақылау керек. Егер бұрын байқамаған түйін сезсеңіз дереу дәрігердің алдына барыңыз. Кез келген өзгеріс омыраудың саулығына кері әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, сүт безінің ауруы болсын, болмасын міндетті түрде 6 айда, не 1 жылда дәрігер-маммологқа көрініп тұруды естен шығармағаныңыз дұрыс.
Дәрігер-маммолог Лариса Базарқызының айтуынша, көп қыз-келіншек омырауының сыздап ауыратынына, үрпісінің беймезгіл қышуы мен шаншуына шағым айтады екен. Мұның барлығы да суықтың, күйзелістің белгілері. Қолды еш қымсынбай салқын суға салатын әйелдерді де дәрігер бір сынап алды. Кірді салқын суға шая салу, терлеп отырып салқын ауаға шығу, не салқын кезеңде тым жеңіл киіну омыраудың созылмалы ауруларына жол ашады. Өте нәзік мүше болғандықтан, оның күтіміне баса назар аудару керек дейді. Айтпақшы, екі омырауды жатар алдында оңнан солға, солдан оңға қарай уқалап тұру керек. 1-2 минуттық бұл жаттығу сүт безінің қызметін арттырады. Омырауыңыз әдемі пішіні мен көлемін жоғалтпасын десеңіз маммологқа жол тартыңыз.
АНАР ЖЕМІСІН КӨБІРЕК ЖЕҢІЗ
Сүт безінің қатерлі ісігі бұл күнде әлемді алаңдатып отырған мәселе. Бұған 4 фактор алып келеді. Біріншісі дұрыс тамақтанбау, майлы, қуырылған, ысталған және тұздалған тағам өнімдерін көп пайдалану қатерлі ісік клеткаларының дамуына жол ашып, ауру тудырады. Сондықтан әрбір әйел күнделікті ас мәзіріне жіті көңіл аударып отыруы керек. Екінші фактор – экология. Үшіншісі – тұрақсыз жыныстық қатынас. Көп уақыт ер азаматпен жыныстық қатынасқа түспеу, етеккірдің уақытылы келмеуі, ерте немесе кеш басталған климакс (етеккірдің тоқтауы) сияқты себеппен әйелдің омырауында рак клеткасы пайда болуы мүмкін. Төртінші фактор — тұқым қуалау. Бұл өте сирек кездесетін жағдай. Енді дұрыс тамақтануға қайта оралайық. Әйел адамның ағзасы не ішіп-жегеніне қарай жұмыс жасайды. Зиянды тағам ерте қартаюмен аяқталады. Ал пайдалы тағам арқылы бетінің әрі кіреді, бақыт гормондары көбейеді, етеккірдің уақыты тұрақталады, шашы мен тырнақтары бекиді, тіпті, шаштың ағаруы да бәсеңдейді. Сондықтан үнемі ас рационын бақылап жүруі керек. Түрлі ботқалар, жеміс-жидек пен көкөніс жеу арқылы көркіне көрік қосып, ұзақ жасайды.
Ал, сүт безінің жұмысын жақсартып, оны қатерлі дерттерден қорғау үшін мамандар анар жемісін көбірек жеуге кеңес береді. Анар ағзадағы еркін радикалдарды жойып, рак клеткаларын жояды, сүт безінің жұмысын жақсартады. Қызанақ, қызылша, қырыққабат пен көк шай емізулі баласы бар әйелдердің әрін келтіреді. Емізу барысындағы іс-әрекет пен баланы емшектен шығарудағы ерекшеліктерді білу үшін тағы да дәрігер-маммологтан кеңес алыңыз.
Ақмарал Алтынбекқызы