Мамырдағы мерекелерге дайындық басталды

580
фото: Тимур Джумабеков

Мамырдағы мерекелерге дайындық бүгіннен басталды. Қала әкімінің орынбасары Баһадүр Нарымбетов бөлім басшыларын жинап, 1, 7 және 9-мамырда өтетін атаулы даталарға дайындықты пысықтады. Биыл 9-мамыр — Жеңіс күні өтетін шерулердің қатарын «Отырар» телеарнасы мен «Оңтүстік Рабат», «Рабат» редакциялары ұйымдастырып отырған «Олар оралған жоқ» акциясы толықтырады.

фото: Тимур Джумабеков

Биыл 1-мамыр — Халықтар достығы күні мерекелік шеру өтеді. Шеруге елімізде мекендейтін әр ұлттың өкілдері қатысып, салт-дәстүрлерін көрсетеді деп күтілуде. Ал 7-мамыр — Отан қорғаушылар күні бұрын-соңды болмаған әскери шеру ұйымдастырылмақ. Айтпақшы, мәдени іс-шаралардан бөлек, спорттық шаралар да болады.  26-сәуір күні Достық туын көкке самғатып, велошеру өтпек.

Баһадүр Нарымбетов, қала әкімінің орынбасары: » 1- мамыр мен 7-мамыр аралығында өтетін шерулер Әл Фараби алаңында өтеді. ТҮКШ бөлімі тиісті дайындықтарын жүргізуі керек. Орындықтар орнатылады. Ал қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің мамандары баннерлерді жаңаруына жауапты.»

Ал Жеңіс күнінде әдеттегідей ардагерлерге құрмет көрсетілмек. Айта өтейік, Шымкентте 226 ҰОС-ның ардагері өмір сүреді. Олардың жастары тоқсанды алқымдап қалғанын ескерген ұйымдастырушылар жыл сайынғы дәстүрді өзгертпек.

Биылғы жылдың тағы бір басты жаңалығы — «Отырар» телеарнасы мен «Оңтүстік Рабат», «Рабат» газеттерінің редакциясы ұйымдастырып отырған «Олар оралған жоқ» шеруі өтеді. Сұрапыл соғыстан қайтпаған жандардың есімін жаңғырту мақсатында өтетін шерудің дайындық жұмыстары жылдың басында-ақ басталып кеткен.

Сондай-ақ, көзі тірі ардагерлерге қала әкімдігі сыйлық ретінде 111 мың теңгеден үлестірілмек. Сый-құрметті қала кәсіпкерлері мен жастары да жалғастырады деген жоспар бар.