Тұрғын үй кезегіне кімдер тұрады? Кезек қалай жылжып жатыр? Жеңілдікпен берілетін үйлерге қалай қол жеткізуге болады? Бүгінде бас ауруға айналған баспана төңірегіндегі осындай сауалдарға Шымкент қаласы тұрғын үй секторының бас маманы Жұлдызай ОРДАБЕКОВА жауап береді. Редакциямызға хабарласып, көкейіндегі сауалдарын қойған оқырмандарымыздың базынасын қаз-қалпында беріп отырмыз.
Сейтқасым МУСЛИМОВ, оқырман:
– Менің ұлым биыл – 27, келінім – 24 жасқа толды. Бір баласы бар. Мұндай жас отбасына мемлекет тұрғын үйлі болуына көмектесе ала ма?
– Жас отбасылардың баспанамен қамтылуы «Қолжетімді тұрғын үй-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаралған. Оған 29 жасқа толмаған жас отбасылар қатыса алады. Демек, сіздің ұлыңыз бен келініңіздің бағдарламаға қатысуға мүмкіндігі бар. Дегенмен, бағдарламаның басқа да шарттары көп. Шымкент қаласы тұрғын үй секторына келіп, сауалдарыңызға жауап ала аласыз. Немесе 21-42-76, 21-42-71 телефондарына хабарласып, сұрақтарыңызды қоюыңызға болады.
Лариса АФАНАСЬЕВА, оқырман:
– Мен немеремді тұрғын үй кезегіне қойғым келеді. Егер қандай да бір төлемдері болса, ол шығындарды зейнетақымнан аударып отырсам бола ма?
– Ол үшін немереңіз біздің секторға келіп, қатысушылардың қай категориясына жататынын анықтап алуы керек. Содан кейін біз оны тиісті категориясына қарап, кезекке қоямыз. Төлемдер туралы айтар болсақ, ол сіздердің келісімдеріңізге қарай жүргізіледі. Ең бастысы, тиісті төлемақыларды дер кезінде төлеп отыру керек.
Айткүл Сейдәлі, оқырман:
– Мен 2005 жылдың сәуір айынан бері тұрғын үй кезегінде тұрмын. Әлі пәтерге қол жеткізе алмай келемін. Мүгедектер мен мұғалімдерге қандай жеңілдіктер бар?
– Өкінішке қарай, сіздің қашан үй алатыныңызды дөп басып айта алмаймын. Бұл салынатын үйлердің санына байланысты. Жеңілдікке келер болсақ, коммуналдық пәтерлерге кезекке тұрушыларды біз 5 категория бойынша анықтаймыз. Бірінші – мүгедектер және ҰОС ардагерлері. Екінші – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Үшінші – әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар. Бұл топтар ішінара 12 сатыға топтастырылған. Төртінші – мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекеме қызметкерлері, әскери қызметкерлер, мұғалімдер т,б. Бесінші – үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар. Оқырман – мұғалім ретінде 4-категорияға, мүгедек ретінде 3-категорияға жатқызылады.
Нұргүл Қожиакпарова, оқырман:
– Мен кәмелет жасына толмаған үш бірдей баламды жалғыз асырап жатырмын. Жолдасыммен ажырасқалы көп жыл болды. Тұрғын үй кезегіне тұруға мүмкіндігім бар ма?
– Нұргүл, сіз құжаттарыңызды 3-категория бойынша тапсыра аласыз. Әлеуметтік әлсіз топтарға — ҰОС ардагерлері мен қатысушылары, осы топқа теңестірілігендер, олар — тыл ардагерлері, Ауған соғысының ардагерлері, 1-2 топ мүгедектері, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, Үкімет қаулысында көрсетілген ауру түрлерімен ауыратын азаматтар, зейнеткерлер, жетім балалар мен ата-ана қамқорынсыз қалған балалар, 29 жасқа толмаған жетім балалар, оралмандар, экологиялық апаттарда, төтенше жағдайлар кезінде үйінен айырылғандар, көпбалалы ата-аналар, әскерде немесе мемлекеттік тапсырмалар кезінде қайтыс болғандардың отбасы, толық емес отбасылары жатқызылған.
Жарқынай Төлегенқызы, оқырман:
– Мен екі қызыммен бір бөлмелі пәтерде тұрамын. Бір қызым жақында тұрмысқа шыққан. Оның күйеуі де бізбен тұрады. Біз коммуналдық пәтер ала аламыз ба?
– Мен сіздің тұрмыс құрған қызыңызға құжат тапсыруға кеңес берер едім. Әрине, ол үшін екеуінің айлық табысын есептеу қажет. Сол бойынша бағдарламаны және бағытты анықтап алу керек. Коммуналдық үйден бөлек, бізде Қазақстан Ипотекалық Компаниясының баспаналары бар. Мұндай үйлерге 4 категория бойынша қатысушылар анықталады. Олар — құқық қорғау орган қызметкерлері және мемлекеттік заңды тұлға қызметкерлері, мемлекеттік емес әлеуметтік мекеме, мемлекеттік және мемлекеттік емес білім беру ұйымдары мен медицина қызметкерлері, 29 жасқа толмаған жоғары оқу орнын аяқтағанына 9 жыл болмаған жас мамандар. Онымен қоса, сатып алуға құқық беретін жалдамалы тұрғын үйлердің шарттарын қарастыруға болады. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында да тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндіктері қарастырылған. Жалпы, елімізде қазір жеңілдікпен баспаналы болуды қамтамасыз ететін бағдарламалар көп. Қатысушының категориясына қарап, тұрғын үй кезегіне қоюға болады.
Мақпал РЫСБАЕВА
Жалға алудың жолдары
«Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша тұрғын үйді жалға алуға мүмкіндік бар. Әлеуметтік келісімшарты бар бағдарламаға қатысушыларға мемлекет тұрғын үйді жалға алу үшін шығындарды төлейді немесе 5 жыл тұрғаннан кейін жекешелендіру мүмкіндігімен тұрғын үйді береді. Бағдарламаның бағыты бойынша төленетін тұрғын үйге қосалқы жалгерлікке рұқсат етілмейді. Коммуналдық шығындары үшін төлемді отбасы (жастар) өзі жүзеге асырады. Жалдауға арналған тұрғын үй талаптары – отбасының бір мүшесіне 18 ш.м. немесе бүкіл отбасына 100 ш.м. аса алмайды. Жастар үшін (соның ішінде некеде тұратындар) жатақханадан бөлме ұсынылады. Бөлмені алу үшін жасы 29-дан аспауы керек, қолданыстағы еңбек шарты немесе әлеуметтік келісімшарт болуы тиіс. Бөлме 5 жылға дейінгі мерзімге ұсынылады. Бағдарламаның бағыты бойынша толығырақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидаларынан біле аласыз.
Құжатыңызды құнттаңыз
«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша балалар үйінің тәрбиеленушілері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған балалардан қабылданатын құжаттар:
1. Жеке басын куәландыратын құжаттар тізімі;
2. Отбасы құрамы туралы мәліметтер;
3. Ата-анасы туралы анықтама;
4. Туу туралы куәлігі;
5. Тұрғылықты тұратын жері бойынша тіркелгенін растайтын құжаты (мекенжай анықтамасы не селолық және ауылдық әкімдердің анықтамасы);
6. Жылжымайтын мүлкі туралы (ҚР, ОҚО) анықтама;
7. Еңбек кітапшасының көшірмесі (болған жағдайда) немесе еңбек қызметін растайтын өзге құжат (жұмыс істейтін адамдар үшін);
8. Білімі туралы құжаттың (дип-лом, аттестат, куәлік), сондай-ақ білімі мен біліктілігін растайтын басқа да құжаттардың көшірмесі;
9. Жинақтаушы зейнетақы қорына түсімдер туралы анықтама;
10. Жұмыссыздық туралы анықтама;
Бұл анықтама отбасы құрамы мүшелеріне де жиналады.