2014 жылдың сәуір айының 1-нен 30-на дейінгі аралықта Қазақстан бойынша «Назар аударыңыз, бағдаршам!» атты кең ауқымды республикалық алдын алу іс-шарасы басталады.
Осыған байланысты Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне қарасты әкімшілік полиция басқармасы құрылымдарының жеке құрамы күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Тәртіп сақшыларына жол-көлік оқиғаларына себеп болатын фактілерді анықтау бойынша бағдар берілді.
Осы шұғыл алдын алу шарасын өткізу кезінде «Нұр Отан» партиясы, денсаулық сақтау басқармасы, білім басқармасы және «Жас Отан» жастар қанатының өкілдерімен бірлесіп, жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын жол апаттарын болдырмауға бағытталған іс-шаралар өткізіледі деп күтілуде.
Бұған қоса жас жол қозғалысы инспекторлары «Сен — жолаушысың!» атты жарысқа қатысады. Бірінші орын алған команда республикалық слетте Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғайды.
Сонымен қатар Ордабасы, Арыс және Бәйдібек аудандарында және Түркістан қаласында автошеру ұйымдастырылады.