Оңтүстік көгалдандырылып жатыр

766
Ауылдың 13000-дай тұрғыны бар

Шуақты көктем мезгілі келісімен-ақ Оңтүстікте абаттандыру жұмысы қызу жүріп жатыр. Сайрам ауданына қарасты Қаратас елдімекенінің тұрғындары ауылдағы орталық көшелер мен мектеп алаңшаларын тазалады. Тұрғындар сенбілік аясында жол жиегіне 1000 түп ағаш отырғызды.

Көше бойын жинап-тазалауға жастармен қатар, ауылдың аға буыны да қуана қатысты. Елдімкенді көгалдандыру мақсатында жерлестеріміз ағаш отырғызып, су тасып, жүгіріп жүр. Айтпақшы, көшет егу үшін қазынадан ешқандай қаржы қаралмаған. Барлығы да жергілікті көштеттіктен алыныпты.

Ауыл тұрғындары 1000 түп ағаш отырғызды
Ауыл тұрғындары 1000 түп ағаш отырғызды

Өскен Жатқанбаев, Қаратас ауылының тұрғыны: «Ауылдың арық-атызын күл-қоқыстан тазалап, сенбілік жасап жатырмыз. Ең негізгі суға төзімді қарағаш, өрік, шие ағаштарын егіп, көгалдандыру жұмысы жүруде. Әрбір оқушыға мектептен 1-2 түптен ағаш жүктедік, соларды әкелді. Қазір, міне, жұмысқа білек сыбана кірістік.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=LsvUwsybMHE[/youtube]

Ауылдың аумағын абаттандыру үшін ағайынға жергілікті кәсіпкерлер де көмек қолын созған. Түбі қатпаған ағаштарға су құятын техникамен қамтамасыз етіп отыр екен. Ал жерлестеріміздің айтуынша, бұл ауылдағы алғашқы көшеттер емес, өткен жылы 4000 тал ағаш отырғызылыпты. Бұл он үшмыңдай халқы бар ауылдың ұйымшылдығын көрсетсе керек.

Ауылдың 13000-дай тұрғыны бар

Мұхитдин Қожамқұлов, Қаратас ауылдық округінің әкімі: «Біздің ауылдық округімізде 9 елдімекен бар, олардың барлығы жаппай сенбілікке қатысып жатыр. Әр ауылға 1000 түп ағаш отырғызыңдар деген талап қойды жоғары жақтан, міне, тапсырма осылай жұмыла жүзеге асып жатыр.»

Сенбіліктің ойдағыдай өтуіне ауа райының қолайлы сәті ғана емес, тұрғындардың белсенділігі де әсер етті. Ал «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп санайтын жерлестеріміз көшеттерді күтіп-баптап, өскелең жастарға үлгі көрсетпек.