Оңтүстікке екі мың дуадақ жеткізілді

1185

Оңтүстікке Қазақстанға Біріккен Араб Әмірлігінен арнайы рейспен Қызыл кітапқа енген екі мың дуадақ әкелінді. Бағалы құстар Әбу-Даби тәлімбағынан жеткізіліп отыр. Екі мың дуадақтың екі жүзі Маңғыстау облысына жіберілсе, қалғаны Бетпақдалада ұшырылады.

Дуадақтарды тасымалдау үшін арнайы пластмасса тор контейнерлер жасалынған. Әрбір торға бес-бестен құс салынып, Әбу-Дабиден үлкен ұшақпен жеткізілген. Әуежайға келе салысымен құстар екіге бөлінді. Бір бөлігі Оңтүстікте қалса, екінші бөлігі ұшақтан ұшаққа ауысып, Маңғыстау облысына кетті.

Тордағы құстар белгіленген жерге жеткізілді. Содан кейін 1540 дуадақ Мойынқұм жерінде еркіндікке жіберілді. Торда бірнеше күн қамалып отырып қалған тіршілік иесі Қазақ даласын жатырқамай ұша жөнелді.

Мұхаммед Салих Аль-Байдани, Халықаралық дуадақтарды қорғау қорының бас директоры: «Дуадақ біздің елдің тарихымен байланысты. Мың жылдан астам уақыт бұрын арабтар негізі қорегі ретінде осы құсты аулаған. Енді біз табиғат тамашасын өз иесіне қайтару үшін барамызды саламыз. Біздің қор әр елдегі дуадақтарды қорғау үшін жұмыс жасайды.»

Қызыл кітапқа енген құстар туған мекені — Бетпақдала жазығына жіберілді. Олардың әрқайсысы арнайы таратқышпен жабдықталған. 2005-2006 жылдары Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірлігі өзара келісімге келіп, жабайы дуадақтың ұясынан жұмыртқалар алынған болатын. Инкубациядан кейін құстар Біріккен Араб Әмірлігінің оринтологиялық тәлімбағында жетілдіріліп, біртіндеп туған еліне әкелінуде.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=_vwqP7_uWLk[/youtube]

Бақыт Мұсалиев, аймақтық аң шаруашылығының бас маманы: «Ұшырылған құстарды атып алатындар аз. Егер аңшылар қолға түссе, ерекше қорғалатын дуадақтарды атып алғаны үшін үлкен мөлшерде айыппұл салынады. Яғни 200 АЕК-тен бастап 400 АЕК аралығында. Бұған қоса қарулары мен көліктері тәркіленіп, қылмыстық іс қозғалады. Ереже қатаң. Бірақ, жабайы құстар дуадақтарды азығына айналдырады.Осы тұрғыдан келгенде қауқарсызбыз.»

Жылына екі рет, яғни, күз бен көктем мезгілінде Қазақ жеріне қайта қоныстанатын дуадақтар қатаң бақылауда болады. Мамандар бүгінгі ұшырылған құстардың барлығы болмаса да тең жартысы өмір сүріп кетеді деп сенім білдіруде.