Өңірімізде мал ұрлығы өршіп тұр. Барымташылармен күресуге жергілікті билік пен құқық қорғау органдары қауқарсыз. Күн көрісі малға тәуелді ауылдағы ағайын таяқ ұстап қалмас үшін жан аямай әрекет жасап келеді. Жақында ғана Сарыағаш ауданындағы Әлімтау ауылдық округінде мал ұрлаған қылмыстық топ қолға түсті. Көрші ауылдарда мал ұрлығы жиілеп кеткенінен хабардар Дәрменовтар отбасы ірі қара малын ауылдың жанындағы жайылымға шығарады. Онда да жалғыз жібермей, сиырларын кезекпен бағады.
Облыс көлемінде былтыр 1870 мал ұрлығы тіркелсе, оның 332-і — Сарыағаш ауданының еншісінде. Осы қылмыс түрінен аудан көш басында келеді. Ең сорақысы- бүгінгі күнге дейін қылмыстың 16 пайызы ғана ашылған. Бұл жағдай құқыққорғау органдарын бей-жай қалдырмапты. Аудан прокуратурасы ұрлықтың алдын алу мақсатында іс шаралар бекітіп, жүзеге асырып келеді.
Алмас Меңлібаев, Сарыағаш ауданы прокурорының орынбасары: «Облыс прокуроры Иманов мырзаның қатысуымен ауданда кеңейтілген жиын өтті. Оған аудан активі, мекеме басшылары, депутаттар қатысты. Қылмыстың алдын алу бойынша аудан әкімдігі бірқатар іс-шаралар бекітті. Мал ұрлығы болады-ау деген ауылдарда кезекшілік ұйымдастырылды. Өзім де ауыл аралаймын.»
Мал ұрлығымен күреске аудан әкімдігі де білек сыбана кіріскен. Бюджет қаржысына арнайы топтар жасақталып, олар учаскелік полиция қызметкерлерімен бірге кезекшілік жасауда. Ауыл азаматтары да шет қалмады. Соның нәтижесі болар, жақында Әлімтау ауылындап мал ұрлығымен айналысып келген қылмыстық топ құрықталды.
Бұхарбай Парманов, Сарыағаш ауданының әкімі : «5 адам абақтыға қамалды, екеуі кепілдікпен жіберілді. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Олардың айыпты екені дәлелденсе, өз жазасын толығымен алады.»
Әкімнің мәлімдеуінше, мал ұрлығының ауданда өсуінің басты себептері — мал иелерінің қауіпсіздік шараларын қолданбауы, мал қораларының арнайы құрылғылармен жабдықталмауы, жайылымдарға бей-берекет айдап салып, қараусыз қалдыруы.