Облыс аумағындағы ең көне көпір – «Қызыл көпір». Бұл тарихи ескерткіш – 1886 жылы ескі ағаш көпірдің орнына салынған. Білікті инженерлік есеп пен құрылыс-монтаж жұмыстарының жоғары сапалығы сонша, нысан әлі күнге ел игілігіне жарап тұр. Отыз метрлік көпір 1970 жылдарға дейін қала аралық, жалпы одақтық маңызы бар автокөлік қатынасын қамтамасыз етті. Ал ең соңғы рет пайдалануға берілген көпір – Сырдария өзенінен қиып өтетін Балтакөл ауылдық округінде орналасқан өткел. 364, 4 метрлік бұл нысан 2010 жылы пайдалануға берілген.
Ал Қазақстандағы ең ұзын көпір қайда салынады деп ойлайсыз? Еліміздегі ең ұзын көпірдің құрылысы биыл Бұқтырма су қоймасының үстінен өтпек. Су қоймасының екі жағалауын көпір арқылы қосатын бұл жоба шын мәнінде «ғасыр құрылысына» айналғалы тұр. Қазір Оңтүстік Кореяның «Posco E&C» компаниясымен келіссөздер жүргізілуде. Көпірді салуға қатысты құжаттар дайындалуда. Көпірдің ұзындығы екі шақырымға созылады. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы ең ұзын көпір болмақ. Ал әлемдегі ең ұзын көпір — Қытайда екен. Қытайдың солтүстігіндегі Шаңдоң аймағында салынған елдегі ең ұзын көпір 2011 жылы ашылыпты. Құрылысы 2006 жылы басталған 42,58 км ұзындықтағы бұл үлкен көпір 4 жылда аяқталған. Бұдан бұрын АҚШ-тың Луизиана штатындағы Пончартрейн көпірі ең ұзын көпір ретінде аталып келген болатын. Рекордты жаңалаған Қытайдағы көпір бұдан 4 км ұзын келеді.