Шымкентте «Оңтүстіктің креатив жастары» ұйымының ұйымдастыруымен Алаш арыстары — Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың 120 жылдығына арналған шағын футболдан журналистер мен блогерлер, жастар ұйымдарының арасында турнир өтті. Жарыста екі топқа бөлініп сегіз команда бақ сынаған болатын. «А» тобында «Студенттер Альянсы», » Қазақстан-Шымкент» телеарнасы, Астана мен Алматы қалаларынан келген блогерлер және облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма командалары өнер көрсетті.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ik4bDQNWT4M[/youtube]
Ал «Б» тобында облыс әкімдігінің баспасөз қызметі, «Оңтүстік Қазақстан» газеті, «Жас отан», «Отырар» телеарнасының командалары ойнады. Алғашқы ойында арнамыздың командасы облыс әкімдігі баспасөз қызметінің ұжымына 2-3 есебімен ұтылып, соңынан «Жасотандықтарды» 4-0 есебімен жеңді.
Өз тобындағы соңғы ойында 90 жылдық тарихы бар «Оңтүстік Қазақстан» газетінің қаламгерлерімен кездескен отырарлықтар қарсыластар командасына сегіз гол салып, жартылай финалға жолдама алды. Әріптестермімізді жартылай финалда «А» тобынан бірінші орынмен шыққан «Студенттер Альянсы» жастар ұйымының командасы күтіп тұрған-ды. Бұл кездесу де 5-1 есебімен біздің ұжымның пайдасына шешілді.
Финалда «Отырар» телеарнасының аяқдопшылары облыстық әкімдіктің баспасөз қызметімен қайта кездесті. Бірінші кездесуде жіберген қателіктерден дұрыс қорытынды шығара білген біздің жігіттер ойынның алғашқы минуттарынан-ақ шабуылға лап қойды. Тартысқа толы ақтық ойынның бірінші кезеңінде отырарлықтар сапынан Бабур Махмудов қарсыластар қақпасына гол салып, бірінші тайымды 1-0 есебімен өз пайдасын шеше білген еді. Екінші кезеңде бұл басымдықты Арай Есенбек пен Сарвар Сұлтанов еселей түсті. Бірақ, кездесудің соңғы минуттарында облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары Берік Уәли «Отырар» командасының қақпасына қарымта гол салып, есеп айырмашылығын 3-1-ге қысқарта білді. Дегенмен, жеңіс отырарлықтарға бұйырды. Осылайша арнамыздың футбол командасы өз тарихында алғаш рет жеңіс тұғырына көтерілді.
Біздің жігіттерге Алаш арыстарының кубогін тарту еткен белгілі журналист, облыс әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли арнамызға берген сұхбатында турнирді ұйымдастырудағы басты мақсат — жас журналистер арасында осы Алаш арыстарын насихаттау екенін жеткізді. «Олардың ұлағатты, үлгілі өмірін жастарға жеткізгіміз келді. Сол үдеден біз бүгін шықтық деп ойлаймын. Енді жастар осындай арыстардың атында өткізілетін турнир бар екенін білетін болады. Болашақта бұл жарысты жалғастыруға тырысамыз» деді Берік Уәли.