1995 жылы 18 сәуірде еліміздің ішкі істер органдарында өзіндік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ішкі заңдылықты нығайту бойынша жұмысты қарқындату мақсатында ҚР Үкіметінің «ІІМ Ішкі қауіпсіздік департаментін құру туралы» қаулысы шықты. Осы қаулымен ІІМ құрылымында Өзіндік қауіпсіздік департаменті және барлық облыстық ішкі істер департаменттерінде тиісінше өзіндік қауіпсіздік басқармалары құрылды. Сол кезден бастап сәуірдің 18-і осы басқарманың туған күні болып саналады.
Азаматтардың және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, полиция қызметкерлері жасаған қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, тергеу, қызметтік әдептілікті сақтау, полиция қызметкерлерінің және олардың отбасы мүшелерінің намысын, абыройын қорғау және қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету – аталған басқарманың басым бағыттары болып табылады.
Жиырма жылға жуық уақыт ішінде өз нәтижесін молынан берген Департамент пен оған бағынышты облыстық басқармалардың бүгінгі таңдағы жұмысы да ауыз толтырып айтарлықтай-ақ. Осы орайда, ОҚО ішкі істер департаментіндегі Өзіндік қауіпсіздік басқармасының 2013 жылы қылмысты ашу бойынша көрсеткіші респуб-ликада алдыңғы орынға шыққанын атап өткен жөн.
Олар да қылмыс жасайды
ОҚО ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Шырынбек Оңғаровқа (суретте) арнайы барып, жолыққан әрбір журналист өзіне керекті мағлұматтар мен басқарманың атқарған жұмыстары туралы мәліметтерге молынан қанығады. Яғни, басқарма жұмысы қарапайым халық үшін қашан да айқын.
Шырынбек Сусынұлының бізге берген соңғы мәліметі бойынша, басқарма тарапынан 2014 жылдың үш айында заңсыздыққа жол берген полиция қызметкерлеріне қатысты 27 қылмыстық іс қозғалған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,8 пайызға артқан. Жалпы, жыл басынан бері Өзіндік қауіпсіздік басқармасына полиция қызметкерлерінің үстінен жазылған 481 арыз-шағым тіркеліпті. Оның ішінде 7 қызметкер сыбайлас жемқорлыққа жол берсе, 7-іне тәртіптік шара көріліпті. Ал 4 полиция қызметкері жұмыстан босатылған.
Жол ережесі заңдылықтарын бұзатын полиция қызметкерлеріне қатысты да шара көру фактілері жетерлік. Мәселен, 2014 жылдың басынан 1 сәуірге дейінгі аралықта жол жүру ережесін бұзған 86 қызметкерге әкімшілік хаттама толтырылып, 23 автокөлік айыппұл тұрағына қойылған екен.
Тіпті, жүргізу куәлігінсіз көлігін зулатып жүрген тәртіп сақшылары да баршылық. Одан бөлек, көлігі техникалық байқаудан өткізілмеген, қауіпсіздік белгілерін тақпау, көлікті рұқсат етілмеген жерге қою секілді тәртіп бұзған полиция қызметерлеріне де шара қолданылған.
Сыбайлас жемқорлыққа жол берген тәртіп сақшылары да Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қырағы назарынан тыс қалмасы белгілі. Кентау ҚІІБ-де қызмет ететін бір полиция майоры лауазымын пайдаланып, жергілікті тұрғынның үстінен қозғалған қылмыстық істі қысқартуға уәде берген. Сол «қамқорлығы» үшін ол әлгі азаматшадан 130 мың теңге алып жатқан кезінде ұсталды.
Осындай келеңсіздіктермен күрес жүргізіп жүрген басқарманың бастығы Шырынбек Оңғаров сыбайластыққа жол берген тағы бір полиция қызметкері туралы былай дейді:
– Шымкент қаласында тұратын екі жасөспірім атыс қаруынан алған жарақаттарымен ауруханаға түскен. Аталған жәйт бойынша сол күні қылмыстық іс қозғалып, істі тергеу ОҚО ІІД тергеу бөлімінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Е.Т-ға жүктелген. Алайда тергеуші осы қылмыстық іс бойынша жасы кәмелетке толмаған күдіктіні қылмыстық жауапкершіліктен босату және оған қамқоршылық жасау мақсатында алты ай бойы іздеу жарияламастан, оның анасынан жалпы мөлшері 20 мың АҚШ доллары мен 350 мың теңгені пара ретінде алып отырған. Күдіктінің анасы бұл туралы Өзіндік қауіпсіздік басқармасына арызданып, шұғыл жүргізілген шара барысында Е.Т. арызданушыға алған ақшаның біразын қайтаруға мәжбүр болды. Сондай-ақ, оның іс-әрекетінде қылмыстық пиғыл бары ескеріліп, бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алынды. Бүгінде тергеу амалдары жүргізіліп, қылмыстық іс сотқа жолдану сатысында.
Әріптестерін қорғай да біледі
Әрине, айта берсек, полиция қызметкерлерінің заң шеңберінен асып кеткенін дәлелдейтін деректер жеткілікті. Өзінің қызметі мен лауызымын пайдаланып, қарапайым халыққа көпе-көрінеу күш көрсетіп немесе сыбайлас жемқорлыққа барып, былыққа батып жатқандар да баршылық. Міне, сондай келеңсіздіктердің алдын алу мен болдырмау үшін құрылған Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері жемісті еңбек етіп келеді.
– Біздің міндетіміз, полиция қызметкерлерінің айыбын ашу емес, керісінше, олардың атына кір келтірушілермен де күрес жүргізу, — дейді басқарма бастығы Ш.Оңғаров.
Тек бұл емес, басқарма қызметкерлері өз әріптестерінің де мүддесін қорғап, жоғын жоқтайды. Полицейлер де пенде, олар да ет пен сүйектен жаралған адам баласы. Өз ісіне адал берілген, қызметін абыроймен атқарып жүрген тәртіп сақшыларына да қиянат пен қастандық жасалатын кездер болады.
– Қызмет барысында осындай жағдайға тап болған полиция қызметкерлеріне қатысты істің ақ-қарасы тексеріліп, тиісті шара көріліп жатады. Мәселен, Сайрам ауданы Сайрам ауылындағы автобекет маңында рейдтік іс-шара жүргізіп жүрген жол-патрульдік қызметінің екі қызметкеріне Ф.Р есімді жергілікті тұрғын мас күйде келіп тиісіп, тіпті қол жұмсаған. Сондай-ақ, Шымкент қаласындағы Асқаров көшесіндегі бір үйде шыққан жанжал туралы хабар бойынша оқиға орнына барған полиция аға лейтенанттары С.Тұрсынбаев пен Қ.Бегімқұловтарға шу шығарып жатқан үй иесі мас күйде қол жұмсаған. Бұл оқиға бойынша басқарма тарапынан да іс қозғалып, полиция қызметкерлерінің өз жұмысын дұрыс атқарғаны анықталды. Ал, жанжал шығарған үй иесі уақытша қамауға алынды.
Кейбір полиция қызметкер-лерінің қызмет барысында әлдебір басбұзарлардан зорлық-зомбылық көргенін және оларды заң алдында арашалап, мүддесін қорғауға басқарманың қашан да дайын екенін айтқан Шырынбек аға ол туралы басқа да көптеген деректер келтірді. Дегенмен, ендігі жерде біз басқарма бастығының еңбекқорлығы мен талапкерлігін айқындайтын аз-кем мағлұматты оқырман назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз.
Полиция полковнигі Шырынбек Оңғаров – Төлеби ауданындағы Майбұлақ ауылының тумасы. Бала кезінен білімге құштар болған Шәкең арманына жету жолында небір қиын жұмыстардан қаймықпай, сол арқылы шыңдалып өсті. Көпбалалы отбасында тәрбие алған азамат құқық қорғау саласының қызметкері болуды бала кезінде-ақ армандаған екен.
– Бірақ сол арманға қол жеткізу бірден мүмкін болмады, яғни сол кездегі саясаттың да біраз кедергі келтіргені бар, – дейді Шырынбек аға. – Мектепті бітірген түлектер кем дегенде екі жыл жұмыс істеп барып құқықтық білім беретін жоғары оқу орындарына түсе алатын. Сөйтіп, маған колхозда шопанның көмекшісі болып жұмыс істеуіме тура келді. Балалығым да бар, оның үстіне жастық жігер де алға қойған мақсатыма жетелеп, сонау Ресейдің шалғайындағы Иркутск өлкесіне өз еркіммен барып қара жұмыс та істедім. Ол жақтан келген соң Алматыдағы ҚазМУ-дің Заң факультетіне құжат тапсырдым. Менен Жансейіт Түймебаев пен Әбсаттар Дербісәлиев емтихан алған еді. Оқуға жоғары бағамен түсіп, ауыл-аймақ, ағайын-туысты бір қуантқан едім сол кезде. Ал, диплом алғасын елге өмірлік жарым Шәрипа екеуміз бірге келдік.
Алғашқы еңбек жолын Маңғыстау өңірінде тергеуші, кейіннен аға тергеуші болып бастаған Шәкең араға төрт жыл салып оңтүстікке оралыпты. Содан Сайрам аудандық ішкі істер бөліміне учаскелік инспектор болып қызметке орналасты. Көп ұзамай тергеуші, аудандық тергеу бөлімінің бастығы болып жиырма жылға жуық еселі еңбек еткен Шырынбек Сусынұлы еңбекқорлығы мен нәтижелі жұмыстарының арқасында Сайрам аудандық ішкі істер басқармасы бастығының тергеу істері жөніндегі орынбасары болды. Осындай қызметтік жолдардан сүрінбей өтіп, беделі биіктей түскен Шәкең облыс орталығына ауысты. Алдымен аға тергеуші, бөлім бастығы, арада аз уақыт өткен соң, Өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары дәрежесіне көтерілді. Осының бәрі, әрине, табандылық пен жанқияр еңбекқорлық қасиеттің арқасы болса керек. Одан бөлек, Шәкеңнің өз ісіне адал берілген нағыз білікті азамат екені де атқарған жұмыстарынан көрініп тұрды. Осының бәрі ескерусіз қалған жоқ. Шырынбек Оңғаров бірнеше рет министрлік тарапынан мемлекеттік марапаттарға ие болды. Облыс, аудан, департамент басшыларынан алған Алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтары өз алдына бір төбе.
Сөз соңында Шырынбек Сусынұлы басқарған Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлерін келе жатқан төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз! Қашан да қарапайым азаматтарды қиянаттан қорғап, өз әріптестеріңіздің де беделі мен абыройының сақталуы жолында жемісті еңбек ете беріңіздер дейміз.
Саят ЖҰМАҒҰЛОВ