Сарыағаш ауданынан басқалары жерді түгендеуді ұмытқан

343

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр соңғы 3 жылда жүргізілген жерді түгендеу жұмыстарының нәтижесіне көңілі толмайтынын ашып айтты. Өз мақсатында пайдаланылмай жатыр деген 565 мың гектар жердің тек 440 мың гектары ғана мемлекетке қайтарылған. Өйткені Сарыағаш ауданынан өзге ауданда жерді түгендеу жұмыстары жүргізілмеген.

жер телімі

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр аудан-қала әкімдіктерінде жер мәселесіне қатысты жұмыс мардымсыз дейді. Жиында ол әр ауданның жер қатынастары бөлімі басшыларын жеке-жеке тыңдап, үш жылда өзгермеген сандарға жауап іздеді. Әсіресе, Ордабасы ауданының әкімдігі 2011 жылы жүргізген түгендеу жұмыстарының қорытындысында 4018 га жердің 2 мыңы гектары қайтарылып, қалғаны бойынша бірде-бір істің екі жыл ішінде сотқа жолданбағанын сынға алды.

Сондай-ақ, облыс бойынша топырағы құнарсыз, өнімділігі төмен 59 мың гектар жерді жайылымдық жерге ауыстыру іс-шарасы кешеуілдеп отыр. Бұл жұмыстарда әсіресе, Бәйдібек, Ордабасы, Сарыағаш, Созақ, Кентау, Түркістан қалалары салғырттық танытып келеді.

Ал жеке тұрғын үй құрылысын салуға берілген 84 мың 486 га жер учаскесіне түгендеу жұмыстары жүргізіліпті, Оның 20 пайызы өз мақсатында пайдаланылмай жатқаны анықталған. Ол аздай, өңірімізде жер учаскесін сатудағы заңсыздық еліміздің бас прокурорының назарына да іліккен. Заңсыз берілген жер учаскелеріне байланысты сандардағы сәйкессіздік бұған дейінгі жиындарда да көтерілген болатын. Ал бұл жиында өңір басшысының орынбасары олқылықтарға орын берген жауаптыларды қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жұмысты ширатуға шақырды. 

Ербол Садыр, облыс әкімінің орынбасары: «Бір ай уақыт беремін. Әр айда екі рет атқарып жатқан жұмыстарыңыздың қорытындысын алып отырамын. Егер нәтиже шықпаса, орындарыңыздан алу туралы ұсыныс жасаймын.»