Естімеген елде көп. Қайтпас-1 шағынауданындағы бір көшенің үш атауы бар. «Көшенің негізгі аты Шәмші Көшеров болса, қалғанын тұрғындар өздері ойлап тапқан» дейді жауаптылар. Қала көшелерінің заңды және заңсыз атауларын тағы да түгендеп қайттық.
Қайтпас-1 шағынауданына адастырмай апартын жалғыз жол — Шәмші Көшеров көшесі. Үйлердің бірінде көшенің заңды атауы жазылса, енді бірінде Көшерұлы деп жазылып тұр. Ең сорақысы, Көшеровтың көшесінде Әмірбековтың атында жалғыз үй бар.
Жасарал Әміртаев, үй иесі: «Бізде құжат бойынша — осындай. Негізі асфальттың бойы — Көшеров. Ал біздің үй мына (артта жатқан көшені көрсетіп) Әмірбеков көшесіне жатады. Тұрғындар үйреніп кеткен. Несі бар?»
Әр үйге ілінген тақтайшадағы атауды бірізділікке салу — қалалық ономастиканың жұмысы. Былтырдан бері көше атауы жазылған тақтайшаларды жаңартуға қыруар қаржы да бөлінген. Ал Әл Фараби аудандық әкімдігі мұндай өрескел қатеге қалай жол берген?
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=6bZ-EyaF9U0[/youtube]
Естебек Шардарбеков, Әл Фараби ауданы әкімінің орынбасары: «Бізде Шәмші Көшеров көшесі болып тіркелген. Бірақ, қалалық мәслихаттың шешімі шыққан жоқ. Өйткені, мораторий жарияланған болатын 3-4 жыл бұрын. Ал көшенің атауын бұрмалап отырған көше тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.»
Сондай-ақ, халықты шатастыратын тағы бір көше бар. Ол — бұрынғы атауы — Алматы тасжолы, қазіргі Қуаныш Төлеметов көшесі. Бірақ, көше бастан-аяқ бұлай аталмайды. Яғни, Бәйдібек би даңғылынан оңға бұрылсаңыз, Алматы көшесі деп аталады. Бұл жақ Әл Фараби аудандық әкімдігіне қарайды. Ал солға қарай бұрылсаңыз, Қуаныш Төлеметов көшесі. Абай аудандық әкімдігі осылай деп атаған. Сондықтан, көше атауына келгенде абай болыңыз. Басқасы — басқа, біздің Шымкентте бір көшенің бірнеше атауы бар.