Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясының белсенді студенттері «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» күнін атап өтті. Олар бұл іс-шараны жастар көп серуендейтін дендросаябақта ұйымдастыруды құп көріпті. Бір қызығы, қатысушылар алдын ала дайындалмаған. Сол жерде қол ұстасып жүрген жұптардың арасынан таңдалып алыныпты.
«Ғашықтар», «Қос жүрек», «Адал махаббат», «Сезім», «Егіз-лебіз» және де «Махаббат» атты атау иеленген алты жұп сайысқа түсті. Әр жұп өзінің сүйіктісі жайлы қаншалықты білетінін сұрақ-жауап сайысы кезінде байқатты. Келесі кезеңде болашақ үйлерінің сызбасын ақ қағазға түсіріп, бейнелеген оларға психолог мамандар баға берді. Сондай-ақ, «Махаббат көпірінен» өтіп, ситуациялық жағдайлардан шығу жолдарын да айтты. Ән салып, би биледі.
«Қазақстан Студенттер Алянсының » белсенді мүшесі Самал Орынбасар жыл өткен сайын жастар арасында «Валентин күнінің» мән-маңызы жоғалып, «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» күнін тойлауға қызығушылықтары артып келе жатқанын айтады. Бұл «Махаббат сыйла» іс-шарасы енді жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ.