«Құлақ сұраймыз деп, мүйізден айырылдық!» Қаламыздағы Түркістан тұйығы көшесінің тұрғындары осылай шағымданады. Осыдан 2 жыл бұрын үйлеріне көгілдір отынды кіргізу үшін жерасты құбырларын тартқан мердігер компания көшенің астаң-кестеңін шығарып кеткен. Тас көшенің бүгінде жаз шықса топырақ-шаңы көкке көтеріліп, ауаны ластайды. Ал жауған жауын-шашыннан кейін көше лай-батпаққа толады.
Ойдым-ойдым көшенің жағдайы Түркістан тұйығы көшесіндегі қарияларды ғана емес, мектеп оқушыларын да мезі еткен. Жерасты газ құбырларын жүргізілу басталысымен-ақ тұрғындардың көшеге шығуы мұң болыпты. Айтуларынша, қысы-жазы шаң-тозаңнан қөз ашпайды. Жауын- шашыннан көше батпаққа толып, көлге айналады.
Людмила Казанцева, Түркістан тұйығы көшесінің тұрғыны: «Бізге өте қиын, біз үнемі жұмысқа кешігіп барамыз. Көшеге таңертең шығып алып, қалай жүрерімізді білмей дал боламыз. Көше көлдеп жатады. Балаларымыз мектепке бару үшін толарсақтан су кешіп, жиі ауырып қалады. Мұндай соқпақ жолмен жүру зейнеткерлердің өміріне де қауіп төндіреді».
Бұл көшеде 40-қа жуық отбасы өмір сүреді. Қолайсыздықтан шаршаған жергілікті тұрғындар құзырлы орындардан мардымды жауап ала алмай жүрміз деп ашынады.
Татьяна Богольленская, Түркістан тұйығы көшесінің тұрғыны: «2012 жылы бізде әп-әдемі асфальт көшеміз болған. Көгілдір отынды орнатқан мердігер компанияның жұмысшылары көшені бұзып кетті. Жөндеп береміз деген. Бірақ, құрғақ уәде сол куйінде қалды. Барлық жерге, әкімшілікке де жаздық, бірақ еш нәтиже жоқ.»
Ал Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшылығы Түркістан тұйығының жолдарымен арнайы барып танысып қайтқан екен. Бірақ бірінші кезеңде тек орталық көшелер жөнделеді деп кесіп айтты.
Абай Түрханов, жол секторының меңгерушісі: «Бұл көше екінші кезеңге кетеді, сондықтан 2015-2016 жылдары жұмыс қолға алынады деген сөз. Оған дейін тасжол бар, тас төселініп тұр. Жағдайлар жаман емес. Ал су жиналатын жер болса, оған біз тасжолды ретке келтіріп береміз.»
Жауынды күндері жүйткіген көлікті лай суға жуындыратын Түркістан тұйығы көшесінің жөнделуі әлі күнге тұманды. Сондықтан мұндағы ағайынның тағы біраз күтуіне тура келеді.