Тоқал. Бұл сөз қазіргі қоғамда әйелдердің құлағына түрпідей тиетіні рас. Әрине, кім өзінің сүйіп қосылған жарын өзгемен бөліскісі келер дейсіз?! Күйеуінің тапқан табысын екіге бөліп, тағы бір отбасыны бағып-қағуға әйелдер қарсылық танытары сөзсіз. Бірақ, бұрын апа-әжелеріміздің көңілі шіркін кең болған сияқты. Олар екінші әйел алу мәселесіне түсіністікпен қараған. Біле білсек, сол кездегі жағдай жақсы ер-азаматтардың кемінде 2 не 3-4 әйелі болған. Олардан тараған ұл-қыздар бір әулеттің ғана емес, бүкіл қазақтың санын көбейтіп отырған. Біз мұны тек «солай болған еді» деумен ғана шектелеміз, ал өзімізге келсек, екінші әйел алу мәселесінде әлсіздік танытарымыз рас. Бүгінде отбасын құрып, ана болу бақытына қол жеткізе алмай жүрген қыздар өте көп. Ал статистикалық мәліметтер ер азаматтардың әйелге қарағанда саны аз екенін көрсетеді. Сондай-ақ, қазір 7-8 не 10-нан аса баланы дүниеге әкеліп жатқан әйелдер де некен-саяқ. Көбі ары кетсе 4-5 баламен шектеледі. Қазақтың санын көбейтіп, демографиялық саясатқа қолдау танытамыз десек, бұл қарқынмен межені орындау мүмкін емес сияқты. Осы орайда тұрмыс құра алмай жүрген қыздарымызды өзге ұлттың жетегіне жібермей, өзіміздің қазақтың санын көбейтуге атсалысу дұрыс-ақ. Бұрын ата-бабаларымыз әмеңгерлік жолмен де екінші әйел алған. Ол дегеніміз, қайтыс болған ағасынан жесір қалған әйеліне әмеңгерлік жолмен үйлену. Мұндағы мақсат, өз руынан тараған ұрпақты ұзаққа жібермей, өздері тәрбиелеу екендігі түсінікті. Сонымен қатар, бүгінде көп еркектің көңілдесі бар. Әйеліне білдірмей, бұлайша өзге қыз-келіншектермен көңіл көтеру дінімізде зинақорлыққа жататыны белгілі. Сондықтан да, жасырын қыдырғаннан гөрі, екінші әйелмен некесін қидырып, қазақтың қара домалақтарының санын көбейткен де дұрыс. Алайда Қазақстанда екі әйел алуға негіз болар заң жоқ.
Жалпы, көп әйел алу шариғатқа да қарсы келмейді екен. Өйткені, қасиетті Құран Кәрімнің Ниса сүресінде еркектерге 4 әйелге дейін алу рұқсат етілген. Халық қалаулыларының бұл мәселені заңды тұрғыда көтергендігі де осыдан болар. Имамдардың айтуынша, заңды некеге тұрмай, тек Алланың алдында некесін қидыру – әйел мен еркектің ерлі-зайыпты екенін дәлелдейді. Өйткені, олар шариғаттың шарттарын орындады. Екі куәгердің алдында бір-біріне разылығын беріп, ата-анасының, жақын туыстарының келісімімен құрылған неке ешқандай да дінге қарсы емес дейді дін өкілдері. Бірақ, екінші не үшінші рет үйленер алдында әйелі мен балаларының, ата-анасының келісімін алған жөн. Келісім бермеген жағдайда тоқал алудың соңы отбасылардың шырқын бұзып, ажырасуға да әкеп соғуы мүмкін. Артық қыламын деп, тыртық қылғаннан біздің еш ұтарымыз жоқ. Екінші әйел алуға ниеттенген ер азаматтар мұндай үлкен жауапкершілікті сезіне білгені де жөн. Сондай-ақ, оларды бағып-қағу, бәйбішеге де тоқалға тең дәрежеде қарау керек екенін де ұмытпауы керек. Ал бүгінгінің еркектері осындай жауапкершілікті біледі ме, әлде тек уақытша қызыққұмарлыққа бой алдырып жүр ме?
Ардақ Жанаев:
– Екінші әйел алу дегенге өз басым қарсы емеспін. Бірақ, ол үшін еркектің жүрегінің түгі болу керек. Өйткені, бұл үлкен жауапкершілік. Бір-бірінен бөліп-жармай екі әйеліңді де, олардан тараған балаларыңды да тең көруің керек. Дүниеге әкелген соң, оларды ешкімнен кем қылмай өсіру керек. Дәл қазіргі нарықтық қиын заманда екі әйел алуға көбінің батылы жете бермейтін сияқты. Дегенмен, тоқал алудың еш сөкеттігі жоқ. Тіпті, біздің дінімізде де оған рұқсат етілген. Сондай-ақ, халық санын көбейтуге де мұның септігі тиеді.
Талғат Сірнебаев:
Бүгінде екі отбасы түгілі, бір отбасыны толыққанды асыраудың өзі қиын. Өйткені, халықтың әлеуметтік жағдайы оңалмай тұр. «Өзбек байыса үй салады, қазақ байыса әйел алады» демекші, бізде де қалтасы қалыңдаса бірден тоқал алғысы келетін азаматтар көп. Дегенмен, нағыз жауапкершілікті түсініп үйленетіндері өте аз. Екі отбасының басын біріктіре алмай, бірімен ажырасып та кетіп жатады. Салдарынан, қамқорлықтан қағылған балалардың саны артуда. Мұнымен біз қоғамға оң септігімізді тигізе алмаймыз. Халық санын көбейту керек екен деп, жағдайын жасай алмасаң да, бала тудыра берудің қажеті жоқ.
Назира Сембиева:
– Ер азамат жағдайын жасап отырса, денсаулық мүмкіндік берсе, кез келген келіншек көп бала дүниеге әкелуге қарсы емес. «Кәрі қыздардың санын азайтайық, бала санын көбейтейік» деп, өз күйеуін өзгемен бөлісе алатын нәзікжандылар өте аз. Сондай-ақ, «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» демекші, бәйбіше мен тоқалдың тату-тәтті өмір сүруі некен-саяқ. Нәтижесінде, ер азамат соңында бірін таңдап, екіншісімен ажырасып кетіп жатады. Мұнымен біз не ұтамыз?
Сәкен ЕРМЕКОВ:
– Әрине, бүгінде оң жақта отырған әпке-қарындастарымыздың саны артып отыр. Дегенмен, қазақтың санын көбейтейік деп үйлене салмаймыз ғой. Мұнда көбі махаббат, сезім мәселесін ұмыт қалдырады.Шынайы сезімсіз құрылған отбасының да ғұмыры ұзақ болмайды. Сондықтан, өзіңнің отбасыңның шырқын бұзбай, алдымен әйелің мен балаларыңның жағдайын жасау керек. Ал олардан артылып жатса, екінші әйел алуға болады. Ең бастысы, денсаулығың жарап тұрса, өз заңды жұбайыңның көп бала дүниеге әкелуіне жағдай жасаған дұрыс.
Альмира Рүстемқызы:
– Еркек алдымен заңды түрде үйленген әйелі мен одан тараған балаларының толық жағдайын жасауы керек. Ұл-қыздарын бағып-қағып, тәрбиелеу – бұл уақытша нәрсе емес. Ата-анасы әрдайым балалары үшін үлгі. Ұл-қызы соларға қарап бой түзейді. Сондықтан да, мен тоқал алу дегенді қолдамаймын. Өйткені, әкесінің тағы бір әйелі болуын балалары дұрыс қабылдай бермейді. Сосын оларға берілетін тәрбиенің де маңызы кетеді. Дені сау, психологиялық тұрғыдан жақсы жетілген азамат тәрбиелеп, өсіру үшін еркектер тек бір отбасымен ғана шектелгені дұрыс.
Иса Файзуллаұлы, «Исамеддин баба» мешітінің наиб имамы:
– Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы қашан да ислам дінімен үндесіп отырады. Сондықтан да, біздің бұрынғы ата-бабаларымыз ислам дінінде рұқсат етілген 4 әйелге дейін әйел алу үкімін іске асыра білген. 10-15-тен бала таптырған. Әйтпесе, сол кездегі жағдай керемет те емес еді. Сонда да ұрпақ санын көбейтіп, оған тәрбие беріп, сауапты істерді істеген. Жалпы, біздің салтымызда бір әйелмен шектеліп қалу деген қағида жоқ. Ал қазір бұл мәселені бүгін не кеше келген жаңалық сияқты үлкен дауға айналдыруда. Бұл дұрыс емес. Егер біз ел боламын, ұлт боламыз десек, азғантай ғана қазақ халқының санын көбейтеміз десек, ер кісілер отырып қалған бойжеткендердің, сондай-ақ, жесір қалған әйелдерді екінші не үшінші әйелі етіп үйленіп, олардан ұл-қыз таратса, бұл шариғатқа жат нәрсе емес. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Көбейіңіздер, менің үмметімді көбейтіңіздер. Ақіретте мен үмметімнің көптігімен мақтанамын» деп айтқан. Бірінші, екінші және үшінші әйел алу – бұл Алланың әмірі. Мұны діни ілімі таяз көп кісілер түсіне бермейді. Қасиетті Құран Кәрімде былай делінген: «Сіздерге 2, 3 не 4 әйелге дейін алуға рұқсат бердім. Және оларға әділ болуларың керек. Егер әділ болудан қорықсаңыздар, біреуімен шектелгендеріңіз абзал». Аллаһтың өзі рұқсат беріп тұрса, біз кімбіз оған қарсы болатын? Ол мәжбүрлік емес. Қалаған адам келісіммен бірнеше әйелге үйлене алады. Ешкім қорыққанынан, не амалының жоқтығынан мұндай қадамға бармайды.
Сондай-ақ, қазір әйелдердің арасында «онда біз де еркектер сияқты екінші, не үшінші күйеуге тиеміз» деп айтатындары кездеседі. Мұндай жағдайда әйелдер жезөкшеге айналады. Өйткені, жезөкшелік еркекке емес, әйелге тән айтылған ұғым. Себебі, қай баланы кімнен туғанын білмей, тегін жоғалтып алады.
Түйін:
Иә, тоқал алу мәселесі әлі заңды түрде нақтыланбаған. Дегенмен, екінші не үшінші рет үйленем дегендерге де ешқандай тосқауыл жоқ. Мұны бүгінгі күннің өзекті тақырыбы дей алмаймыз.Өйткені, жоғарыда айтылғандай тоқал алу – бұл бүгін шыққан жаңалық емес. Кеше де болған, бүгін де бар. Тек осы мәселеге келгенде дұрыс шешім қабылдаған жөн. Өйткені, мұнда қоғамның талабын ғана емес, адамның өмір сүру ұстаным-дарын да ескеру керек.
Гүлнұр Сәтбаева