«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы». Шымкентте шымылдығын түрген «Х-фактор» жобасының іріктеуіне жүздеген жерлесіміз жиналды. Үлкен сахнаға жол ашатын осынау додада бақ сынауға мына белгілі тұрағы жоқ азамат та ниет білдіріпті.
Алайда іріктеу комиссиясын оны байқауға жіберген жоқ. Басты себеп — киім үлгісі сахнаға сай емес. Жалпы, биыл бесінші рет өтіп отырған осы шараға 16 жастан асқан үміткерлер қатыса алады. Олардың шығармашылығына шектеу қойылмайды. Ал ұйымдастырушылар қазылар алқасының мүшелерінен әзірге өнер академиясының профессоры Нағима Есқалиеваның ғана есімін жариялап отыр. Айта кетейік, биылғы «Х-фактор» жобасының жеңімпазына 5 миллион теңге қаржылай сыйақы тағайындалған.
Николай, белгілі тұрағы жоқ азамат: «Менің орындауымдағы әнді итальян әншісі «Санрэмо» байқауында орындап, бірінші орынды жеңіп алған. Ал әннің авторы — Адреано Челентано. Мен Италияда көп болғанмын. Сондықтан олардың әндерін, тыныс-тіршілігін жақсы білемін. Тоғыз жыл түрмеде отырып шықтым, амалсыз көшеде қалдым. Қазір күзетшілер мені сайысқа қатыстырмаймыз деп жатыр, бірақ мен бәрібір кіріп, ән саламын.»