Таяуда еліміздің бас прокуроры Асхат Дауылбаев өз мәлімдемесінде ОҚО әкімдігі жер учаскелерінің сатылымын қадағаламай отыр деп айыптаған еді. Осы бір түйткілді, даулы мәселенің анық-қанығын білу үшін жақында Жер қатынастары басқармасының басшысы Созақбай Әбдіқұловпен жолығып, мән-жайды сұраған едік.
– Еліміздің бас прокурорының ОҚО әкімдігі жер учаскелерінің сатылымын қадағаламай отыр дегенін естіген шығарсыз. Кейін прокуратурадан сұрастыра жүріп білгеніміз, бір ғана Шымкенттің өзінде 90 жер учаскесі заңсыз құжатпен рәсімделіп, сатылып кеткен екен. Оны мемлекет қайтадан сатып алыпты. Бұл заңсыздыққа кім кінәлі?
– Жер сатуға қатысты бұл заңсыздықтар осыдан 8-9 жыл бұрын, яғни 2005-2008 жылдары орын алған. Тіпті 2010 жылға дейін жалғасқан десем де болады. Шынын айтқанда жердің басына бармай жер сұрап келгендердің ұсынысын қарап, карталарын сызып бере берген. Соған байланысты көптеген қателіктер кеткен. Бұрындары база деген нәрсе болмайтын. Барлығы қағаз күйінде бақыланатын. Қазір гипрозем мекемесінде әрбір келіп түскен қаулыға мемлекеттік акті шығарады да базаға енгізеді. Соңғы 3 жылдың көлемінде жоғарыдағыдай қателіктер кетіп жатқан жоқ. Базаны ашып жіберсең қай жер кімдікі, қай жердің егесінің бар-жоғы алдыңа шыға келеді. Жерге қатысты осы у-шудың барлығы сол бақылаусыз, қадағалаусыз жылдарда болған қателіктер. Қазір электронды база болған соң бір жерге екі қаулы шығару мүмкін емес. 2010 жылға дейін 496 мәрте бір жерге екі қаулы түскен, бір жер екі адамға беріліп кеткен. Оның барлығы қазір сотта қаралып, 397-сіне оң шешім шықты. Қалған 90-ға жуығы қаралу үстінде.
– Бұдан шығатын қорытынды сол жер телімдерін берген шенеуніктер өзінің заңсыздыққа барып отырғанын білді ғой? Қалай десек те бір берілген жердің құжаттары белгілі бір мұрағатта сақтаулы тұруы керек шығар…
– Заңсыздыққа жол бергендердің кейбірі жауап беріп жатыр. Біліп істеді ме, білмей істеді ме, онысын білмеймін. Белгілісі берілген жердің кімге берілгенін тек қағазға тіркеп, жазып отырған. Айта кету керек, негізінде ауылшаруашылығы санатындағы жерді үй салу үшін беруге болмайды. Ол тек мақсатты пайдаланылуы керек. Ал енді сол ауылшаруашылығына санатындағы жерді елді мекеннің территориясына өткізген соң барып, жалпы пайдалану үшін халыққа беруге болады. Ол кезде мұндайға көп мән бермеген. Керегінше үлестіріп бере берген.
– Үкіметтің қаулысына сенсек әрбір қазақстандық азаматқа үй салуға 10 соттық жер берілуі керек. Шымкентте үй салу үшін жер теліміне мұқтаж азаматтар көп. Бірақ жер берілмейді. Мұның себебі неде?
– Жер учаскесін халыққа беру үшін ол жерде барлық инфраструктура жасалуы тиіс. Бірінші кезекті жол төселіп, газ, жарық, су тартылмай ол маңнан жер беруге болмайды. Сосын ол жердің сызбасы жасалуы керек. Қазір осы принциптің негізінде жер беру тоқтатылып тұр. Бүгінде Шымкент қаласында жердің кезегінде тұрғандардың саны 63376-ға жеткен. Соның барлығына 3 ауданның елдімекендері Шымкентке қосылғасын, инфраструктура жасалғаннан кейін ғана жер беріле бастайды. Халық осыны түсінсе екен деймін.
– Облыс бойынша заңсыз берілген жердің көлемі 3,5 мың гектарға, яғни, 30 мың жер учаскесіне тең көрінеді. Бұл жер қалаға жаңадан қосылған Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарынан енген екен. Бұдан шығатын қорытынды заңсыз жер бөлумен жергілікті әкімдіктер мен жер қатынастары бөлімі айналысып келген ғой?
– Иә. Мәселен, жер алу үшін бірінші кезекте ауылдың, не ауданның әкіміне өтініш жазасыз. Аудан әкімі ол өтінішті алған соң бұрыштама қойып ауданда құрылған жер комиссиясына жібереді. Бұрын жер комиссиясының басшысы аудан әкімінің орынбасары болатын. Кейін облыс әкімінің тапсырмасына байланысты жер комиссиясының басшылығы аудан әкімдеріне берілді. Өтінішті аудан әкімі қарап, оң қорытынды шығарып, шешім қабылдағаннан кейін хаттама дайындалады. Сол хаттаманы ауыл әкіміне жібереді. Онда мына азаматтарға жер беруге болады деп жазылады. Сосын ауыл әкімі шешім шығарып береді. Негізінде ауыл әкімдері тұрғын үй салу мақсатындағы жер учаскелерін береді. Ал ауылшаруашылығы санатындағы жер телімдері аудан әкімдерінің қаулысымен берілуі тиіс. Байқап отырғаныңыздай кімнің жер беруге қатысы бары анық көрініп тұр. Бір сөзбен айтқанда, заңсыз берілген жерге әкімдер жауапты. Яғни заңсыздықты, қателікті осы лауазымды тұлғалар жасаған деп толық айтуға негіз бар. Тағы бір айта кететін нәрсе, сол кездері үкімет тарапынан халыққа жер телімдерін ұзақ күттірмей, тез арада беру міндеттелген болатын. Халыққа жерді тарату керек, шаруашылықпен айналыссын, жерді пайдалансын делінді. Ауылдың маңынан жеке шаруа қожалықтарын құрып, сол жерде үй салып, өз бетінше тіршілік ету елдің басым бағыттарының бірі болатын. Бұл да болса жер телімдерінің оңды-солды үлестіріле беруіне себепші болды. Заңсыз жер беру әсіресе Сайрам ауданында көп тіркелген. Басым көпшілігі осы ауданның еншісінде.
– Қазіргі бағыт қандай?
– Бірінші бағыт – сол пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы санатындағы жерлерді қайтадан мемлекетке қайтару. Екінші бағыт – заңсыз ешқандай жер бермеу, тұрғын үйге де жеке шаруашылыққа да. Қазір үкімет заңға өзгеріс енгізейін деп отыр. Онда жеке шаруашылық жүргізу үшін жерді тек сол елдімекеннің ішінен беру қарастырылған. Оған қоса сырттағы ауылшаруашылығы санатындағы жерді бермеу туралы ұсыныс дайындап жатыр. Әр уақыт әртүрлі ғой. Ол кезде сондай тенденция қалыптасты. Қазіргі жағдай мүлде басқаша. Елдің жағдайы, тұрмысы жақсарып қалған. Сондықтан бүгін заң бойынша инфрақұрылымды дайындамай тұрып, жер беруге болмайтын болды. Бұл дұрыс деп ойлаймыз. Себебі, тақыр жерге үй салып алған соң халық шағымдана бастайды. Ал ол жерге инфрақұрылым тарту мәселесі бірнеше жылдан кейін шешілуі мүмкін. Сол себепті де халықты босқа қиындыққа тап келтірмеу бас-ты мақсат. Жерді алып, үйді салып алған соң жарықсыз, сусыз, жолсыз халық қалай отырады? Осыны барлығы түсінуі керек.
– Жерді заңсыз бергендер анықталып, жазасын алған соң ондай бассыздыққа қайтадан жол берілмейтініне сенесіз бе?
– Аудан, ауыл әкімдерінің не істеп, не қоятынын алдын-ала болжап біле алмайсың. Министрдің қарауына жер туралы кодекске 8 түрлі өзгерістер енгізу туралы ұсыныс бердік. Кезінде бұл заңнамада үлкен кемшіліктер кеткен. Ауылшаруашылығы санатындағы жерге адамдар үй салып алатын. Бір сөзбен айтқанда мақсатты пайдаланылмай қалып жатты. Біздің ұсынысымызда осыны тоқтату жағы айтылады.
– Шымкент қаласының әкімі келтірген шындық бұлардың барлығынан да асып түсті. Оның айтуынша жаңа бас жоспар бойынша ауыл-шаруашылығы мақсатында берілген жерді әкім-қаралар 8 соттықтан сатып, майлы жілікке айналдырған дейді. Осы рас па?
– Шымкент қаласында заңсыз жер беру фактілері өте көп орын алды. Мынау «Асар», «Тұран» елдімекендерінде инфраструктура жасалмай тұрып-ақ жер беріліп кетті. Бірақ нақты көлемін айта алмаймын.
– Осы заңсыз берілген жерді қайта мемлекетке сатып алу үшін қанша қаржы керек? Бұдан да тереңірек тексеріс жүрсе заңсыз берілген жердің көлемі одан сайын арта түспей ме?
– Еліміздің заңы бойынша әрбір қазақстандық тұрғын үй салу үшін 10 соттық жерді мемлекеттен тегін алуға құқылы. Оны еліміздің қай жерінен аламын десе де мүмкіндігі бар. Одан артық жер керек болса ғана сатып аласың. Жаңағы заңсыз берілген жердің бәрін сатылып кетті деуге болмайды, ол жоғарыда айтқанымдай жер кезегінде тұрғандардың заңды құқығы бойынша берілді. Бірақ кеткен кемшілік – ауылшаруашылығы санатындағы жерді үлестіріп жібергендерінде болып тұр. Елдімекен аумағындағы жер санатына ауыстырмаған.
– Жерге қатысты ақпараттар сақталатын база болмаса да заңсыздыққа жол бермеуге болатын сияқты меніңше. Байқасаңыз осының бәрі де адами фактордың, белгілі бір жауапты тұлғалардың жіберген заңсыздығына, кемшілігіне көбірек ұқсайды.
– Иә, дұрыс айтасыз. Бірақ сол кездері жерді үлестіргендер жеке шаруашылық жүргіземін дегендерге ғана бердік дейді. Солай да шығар, бірақ халық ол жерді тұрғын үй салу үшін пайдаланды. Заңсыздық та осыдан шығып отыр ғой. Бір шетінен халықты да түсінуге болады. Ауылда жұмыс жоқ болған соң қалаға қарай ағылды. Қаланың бір шетінен болса да қалай да жер алып, өзінің жеке үйінде тұрғысы келді. Осылайша есебін тауып жер алды. Ал олар түптің түбінде жерді мақсатсыз пайдаланған болып шықты. Заң бойынша олай берілмеуі керек-тін. Осы тұста біреуге нақты кінә да арта алмайсың. Қаланың бас жоспарын жасағандағы мақсат та сол қай жерге тұрғын үй, қай жерге әлеуметтік нысан салу керек не болмаса ауылшаруашылығына арналғанын анықтап беру. Осыдан кейін бейберекет жер үлестіру тыйылатын шығар деп отырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан – Дәурен ӘБДІРАМАНОВ