Мақтаарал ауданы Жолдасбай Ералиев ауылдық округіне қарасты Жағажай ауылының тұрғындары ауызсуға жарымай отыр. Елдімекен, тіпті, Кеңестік кезеңде де тіршілік нәріне қол жеткізе алмаған екен. Кейіннен еліміз тәуелсіздік алып, еңсесін тіктеген соң жергілікті жұртшылық әкімдікке арызданып, сан мәрте барған.
2012 жылы билік елдімекен маңынан ащы су шығарып, оған арнайы құрылғы қойып, халыққа литрін 1 теңгеден сатқан да екен. «Алайда, ол қуанышымыз да көпке созылмады. Енді өлік сасыған ауыл маңындағы дария суын тамызық етуге мәжбүрміз» дейді халық.
Қалдыбай Сахов, Жағажай ауылының тұрғыны: «Енді қазір мына дариядан су ішіп отырмыз. Бұл жерде мал да өліп жатыр, адам да өліп жатыр, ит те өліп жатыр, қой да өліп жатыр. Осы судан ішіп жатырмыз. Ішкеннен, міне, көріп тұрсыңдар, беттері жара, қолдары жарылып кеткен. Оны ішуге де болмайды. Амал жоқ ішеміз. Бізде басқа амал жоқ.»
Дария суынан ауыл тұрғындарының дені ауыруға ұшыраған көрінеді. Жасөспірімдердің бетіне жара шығып, қолдары жарылып кеткен.
Нархал Беркінбаева, Жағажай ауылының тұрғыны: «Өзімнің балам да, қызым да осы көлден су ішкелі бері операция болды. Екеуі де ауруханаға жатып, емделді. Бұл жерде бір мед.пункт та жоқ.»
Сонымен қатар елдімекендегі Достық көшесімен қыстың күні көлік түгілі жая жүргінші де жүре алмайды. Ал балалардың мектепке баруы мүлде мұңға айналатын көрінеді.
Қалдыбай Сахов, Жағажай ауылының тұрғыны: «Бала-шағамыздың төменгі сыныпта оқитынымыз бар, 1-сыныпта оқитынымыз бар. Жауын-шашында көтеріп, мектепке дейін көтеріп алып келеміз, көтеріп алып кетеміз. Есіктен шықсақ, құлайды. Қашанғы балаларды көтеріп жүреміз?»
Ал құрғақ уәдеге қарық қылғыш жергілікті биліктің ертеңі таусылар емес. Тіпті ауыл әкімі бұл жерлерден көшуге кеңес беріп отыр дейді тұрғындар.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=pXuIwI31elY[/youtube]
Гүлзира Зораева, Жағажай ауылының тұрғыны: «Әкімге барсақ, ауылдарыңның болашағы жоқ деп айтады. Біз қалай кетеміз? Біз осы жерге отырып үйреніп қалғанбыз. Мына жақтың барлығы малға жайлы. Енді бұл жерден кеткіміз келмейді.»
Десе де ауыл әкімдігіндегілер «Жағажайдың жолы жоспар бойынша 2016 жылы жөнделеді. Ал ауыз суды көрші Көктөбе елдімекенінен тартатын боламыз. Құбырдың ұзындығы 5 шақырым болады. Қазір құжаттары дайындалуда» дейді.
Бағдат Оспанов, Жолдасбай Ералиев ауылдық округі әкімінің орынбасары: «Бізде Ералиев ауылдық округінде ондай болашағы жоқ елдімекен жоқ. Ондай елдімекен болмаған. Келешекте барлық елдімекенді дамыту, кешегі 2015-2018 жылдарға арналған бағдарламаны істеп жатырмыз. Бұл Жағажай елдімекенінде туризмді дамытуды қолға алайын деп отырмыз.»