Жаяу жүргінші жолы тұраққа айналып кеткен

351

Республика даңғылы №46, 48 көпқабатты үйдің тұрғындары жаяу жүргінші жолына зар. Бар жол такси тұрағына, ал тұрақ автовокзалға айналған деп налиды.

Көпшілікке «Колос» атымен танымал мына аялдамадан түсе сала аяқ алып жүру мүмкін емес. Жаяу жүргінші жолы қалааралық таксидің тұрағына айналған. Күні-түні құжынаған көліктен әбден мезі болған тұрғындардың арызданып бармаған жері қалмапты. Олардың жалғыз арманы — жаяу жүргінші жолын босату.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=4I5FPxA9Ghs[/youtube]

 

Гүлжаһан Құлдыбаева, Республика даңғылы №46 үйдің тұрғыны: «Мына машиналардан қалай өтеміз? Өте алмаймыз. Баламен қалай өтесің? Өте алмайсың! Мына ауланың қасы таксистерге толы. Балаларды емін-еркін ойната алмайсың. Бұл қалай? Тұрақ автовокзалға айналсын деген заң бар ма?»

Лола Садықбаева, Республика даңғылы №48 үйдің тұрғыны: «Тұрақтан шаршадық. Көліктер ауламызға дейін кіріп кетеді. Жол сақшыларының да әлі келмейді. Әкімдіктегілер тыңдамайды. Кімге айтамыз?»

Ал кезегін күткен жүргізушілер карта ойнап, ауладағы орындықтарды да босатпайтын көрінеді. Шағымданушылар олардың қызықты ойындарын бұзып жіберсе керек, өздерінің ешқандай заңды бұзбағандарын айтып, айқайға басты.

Тыныштығы кеткен тұрғындардың арызын қала әкімінің өзі қатаң қадағалауға алыпты. Былтыр жылдың соңында Әлия Молдағұлова көшесіндегі турникетті алып тастау ұйғарылған. Алайда, әлі күнге дейін бұйрық орындалмаған. Абай аудандық әкімдігі арызды қайта көтеріп, тез арада шешіп беруге уәде берді.

Нұрлан Тілеш, Абай ауданы әкімінің орынбасары: «Бұл мәселе бір айдың көлемінде толық шешімін табады. Ә.Молдағұлова көшесін ашатын болсақ, халықтардың жүріп-тұруына да ыңғайлы жағдай туады. Санитарлық тазалығы да жақсарады. Заңсыз тұрақ өзінен-өзі шешіледі деп есептейміз. Бұл мәселені аяқсыз қалдырмаймыз.»

Егер әкімдіктегілер берген уәдесінде тұрса, турникет алынып тасталып, бір жақты жол ашылады. Сол кезде құжынаған көліктер жол жиегінде тұра алмайды. Өйткені ережеге сай айналма жалғыз жолдың жиегінде көлік қалдыруға болмайды. Ереже бұзған жүргізушілерге айыппұл салынатын болады.