Жеңіс күні «Мәңгілік даңқ» шеруі өтеді

401

«Олар оралған жоқ!»  «Отырар» телеарнасы, «Рабат» және «Оңтүстік Рабат» газеттерінің ұжымы Жеңіс күні құрметіне орай осындай атаумен бастама өткізіп, қан майданнан оралмаған жауынгерлердің есімін жаңғыртуда.  Игі шараға қала және облыс әкімшілігі де қолдау көрсетті. Соның арқасында мамырдың-9ы күні Шымкент қаласындағы Қ.Мұңайтпасов  стадионы алдынан басталатын «Мәңгілік даңқ» шеруі Абай саябағындағы  мәңгілік алауға дейінгі аралықта жалғаспақ.

Әдекеш әжейдің әкесінен қалған естелігі — сарғайған суреттер ғана. 1942 жылдың ақпанында майданға аттанған әкесі Ыдырыс Оспанов сол жылдың күзінде, 33 жасында соғыс алаңында мерт болған. Сүйегі Ресей топырағына жерленіпті. Бұл мәліметтерден Әдекеш Ыдырысова араға 66 жыл салып қана хабардар болған.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=NpQybVOHScc[/youtube]

Әдекеш Ыдырысова:»Әкеміздің ерлікпен қайтыс болғанын, Отан үшін қайтыс болғанын естігенде біздің жүрегіміз көкке жеткендей болды. Қуаныштан көзіме жас алып, мақтаныш сезімі кернеді. Ал «Олар оралған жоқ» деген бастаманы ең алғаш рет басылымнан оқығанда, толқып, «Ойпырмай осы біздің әкемізді іздейтіндер бар екен ғой» деп қалдым. Бұл үміт өмір бойы біздің жүрегіміздің бір бұрышында мұздай болып тұрды ғой, қашан әкеміздің аты аталар екен, қашан іздейтін табылар екен деп келдік.»

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1 миллион 196 164 адам аттанған. Оның 144 мыңы — Оңтүстіктен. Ал соғыс алаңынан сол жауынгерлердің 35 мыңы ғана оралған. Әлі күнге хабар-ошарсыз, қайда жерленгені белгісізі қаншама. Бірақ облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қазір оралмай қалған сарбаздар жайында толық мәліметті білу қиын емес деп отыр. Айтуынша, кез келген ақпаратты арнайы әлеуметтік желі арқылы таба алады.

Жеңісбек Мәуленқұлов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Сол мәліметті тапқаннан кейін барып ұлы, немерелері сонда баруына мүмкіндік бар. Оған биыл да, келесі жылы да мемлекет тарапынан үлкен қаржы қаралайын деп отыр.»

Жәмила Мамырәлі,»Оңтүстік Рабат» газетінің бас редакторы: «редакциямызға соғысқа аттанып қайта оралмаған туысын іздеген  хаттар көптеп келуде. Жеңіс күні өтетін шеруге қатысуға талап білдіріп жатқан азаматтар көп. Әрине көп жағдайда соғысқа кетіп, оралмаған әкесінің, ағасының, туысының суреті де қалмағанын айтушылар бар.  Бұл жағдайда қайтпек керек деп тұйыққа тірелгендей де болдық. Осы орайда біздің ұжымның басшысы Валентина Куликова бір ұсыныс айтты. Оны қолдадық, суреті табылмаған азаматтардың аты-жөні жазылған тақтайшаны  көтеріп шығуына болады.»

Сонымен, 9-мамыр күні Абай саябағындағы Даңқ мемориалында «Оңтүстік Рабат», «Рабат» газеттері және «Отырар» телеарнасының бастамасымен ұйымдастырылып отырған «Мәңгілік даңқ» шеруі өтеді. Оған Ұлы Отан соғысындағы батырлардың ерлігін дәріптегісі келетін әрбір азамат қатыса алады.