1941-1945 жылдарды қамтыған Ұлы Отан соғысына облысымыздан 140 мың азамат аттанған. Оның 43 мыңы ғана елге оралса, бүгінде соның 550-і ғана арамызда жүр. Олардың көпшілігі мүгедектер. Бұлардан өзге тыл еңбеккерлерінің саны өңірімізде – 25 463. Шымкент қаласында Ұлы Отан соғысының 144 ардагері, 5008 тыл еңбеккері тұрады екен. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген азаматтардың саны – 759.
Жеңіс күні жақындап қалды. Сұрапыл соғыстың аяқталғанына да 69 жыл өтті. Күндей күркіреп өткен сұрапыл қантөгіс жылдары майданда миллиондаған адам көз жұмды. Бүгінде Ұлы Отан соғысын өз көзімен көріп, қан майданда от кешкен ардагерлеріміз қартайып, жыл өткен сайын азайып барады. Жауынгерлер мен тыл еңбеккерлеріне қандай алғыс айтсақ та, қандай құрмет көрсетсек те лайықты. Құрмет дегеннен шығады, көзі тірі ардагер қарияларымызға мемлекет тарапынан нақты қандай жағдайлар жасалып отыр? Олардың медициналық көмек алуына, әлеуметтік қолдауға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлініп отыр ма? Бізді қызықтырған сауалдар осы еді. Бұған жауап алу үшін ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаевамен аз-кем тілдескен едік.
Жеңістің 69 жылдығына орай Шымкент қаласындағы
– 226 соғыс ардагері мен мүгедегіне;
– 10 пәк анаға;
– 4 «Ленинградты қорғағаны үшін» медальі мен «Ленинград блокадасының тұрғыны» төсбелгісінің иесіне – 111 мың 120 теңге бір жолғы жәрдемақы беріледі.
– Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 5 сәуірдегі № 365-1 «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» Заңының 7-бабының 8-тармағына сәйкес Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендері мен медальдарымен марапатталған адамдарға, сондай-ақ мемлекеттік наградалармен марапатталмаған, 1941 жылғы 22 маусымнан бастап 1945 жылғы 9 мамырға дейінгі кезеңде кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет атқарған) адамдарға ― 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған. Одан бөлек, Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 сәуірдегі №2247 Заңына сәйкес, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, мүгедектері және соларға теңестірілген тұлғаларға берілетін жеңілдіктер мен әлеуметтік көмектер жергілікті уәкілетті орган арқылы ұйымдастырылады. Яғни, өкілді органдардың шешімі бойынша жергілікті атқарушы органдардың әкімдері, меншік нысанына қарамастан ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің басшылары өз құқығы мен құзыры шегінде тиісті бюджет есебінен, қайырымдылық қорының қаражатын тарта отырып, соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектерін және оларға теңестірілген адамдарға, олардың жесірлері мен қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, тылда еңбек етіп, әскери қызмет өткерген азаматтарға әлеуметтік және материалдық көмек көрсетуге құқылы,-дейді басқарма басшысы.
Алкен АБДУЛЛАЕВ, ОҚО «Ардагерлер үйі» медициналық-әлеуметтік мекемесінің басшысы:
– Біздің мекемеде Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, соларға теңестірілген тұлғалар, Кеңес Одағы Батыры, Социалистік Еңбек Ері ордендермен, медальдармен марапатталған ардагерлер, батыр аналар мен зейнеткерлер демалады. Мұнда ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жолдамасымен әр 15 күн сайын 200-ге жуық ардагер демалып, емделеді. Жалпы соғыс ардагерлеріне медициналық көмек уақытында көрсетіліп, қарт ардагерлерге ерекше күтім жасалады.
Әсия Құралқызының айтуынша, облысымызда ардагерлер мен мүгедектерге ерекше көңіл бөлініп, қамқорлық жасалынады. ҰОС қатысушыларға, барлық категориялы мүгедектерге ОҚО «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйіне санаторлы-курорттық жолдама тегін беріледі. Дәрі-дәрмектер арзан бағамен босатылады. Коммуналдық жеңілдіктер де қарастырылған. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысына қатысушылар және оларға теңестiрiлген адамдар, Ұлы Отан соғысы жылдары тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет еткен) және Ұлы Отан соғысы жылдары тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар барлық iстер мен құжаттар бойынша өтініш берген кезде мемлекеттік баж төлеуден босатылады. Майдангерлер қоғамдық көліктерде тегін қатынайды. Оған қоса, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар Қазақстан мен ТМД елдері қалаларына авиақатынаста 100 пайыз тегін жүреді екен.
Ұлы Отан соғысына облысы-мыздан 140 мың азамат аттанған. Оның 43 мыңы елге оралған.
Мекеме басшысынан сұрап білгеніміз, 2015 жыл өтетін Жеңістің 70 жылдық мерейтойын жоғары дәрежеде тойлау үшін жан-жақты дайындық басталып кетіпті.
Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген азаматтардың саны – 759.
— Жеңістің 70 жылдығына аудан және қала әкімдіктерінің бюджетінен ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы берілмек. Демеушілердің есебінен соғыста қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері мен тыл ардагерлеріне де бір жолғы материалдық көмек беріледі. Биылғы мерекеде де ардагерлер сыйлықсыз қалмайды. Әр аудан әкімдігі бюджетінен қаржылай көмек көрсетіледі, – дейді Әсия Құралқызы.
Әлібек Өмірәлиев, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Қала әкімдігі тарапынан ардагерлерге жыл сайын 60 АЕК көлемінде қаржылай көмек қарастырылған. Көпқабатты үйлерде тұратын ардагерлерге жылу тегін беріледі. Қоғамдық көліктерде тегін жүру мәселесі де қарастырылған. Дәрігерлер кешенді медициналық тексеруден өткізіп, тиісті ем-домдарын жасайды. Денсаулық жағдайына байланысты емдеу-сауықтыру орындарына жолдамалар беріледі. Ал қоғамдық бірлестіктер, жоғары оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары ардагерлердің үйінің маңайын тазалап, көгалдандыру жұмыстарын жүргізеді.
Сондай-ақ, мекеме басшысы ардагерлер мен оларға теңестірілген азаматтарды жергілікті басылымдарға тегін жаздыруды жоспарлап отырғанын да жасырмады.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңісті тарих ешқашан ұмытпайды. Сұрапыл соғыс азабын тікелей көргендерді бүгінгі ұрпақтың аялай қамқорлыққа алуы – парыз. Оларға деген қызметтің сапасы ешқашан бәсеңдемесе екен.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
Соғыс ардагерлері қанша зейнетақы алады?
Кеңес Одағының батыры – 256743 теңге;
ҰОС қатысушысы, Социалистік Еңбек Ері – 138252 теңге;
ҰОС қатысушылары мен мүгедектері – 29632 теңге;
Социалистік Еңбек Ері (ҰОС қатысушылары қатарына кірмейтіндер) – 17780 теңге;
ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтар – 11464 теңге;
ҰОС мүгедегіне теңестірілген азаматтар – 13983 теңге;
ҰОС да қаза тапқан (қайтыс болған, із-түзсіз жоғалған) жауынгерлердің екінші қайтара некеге тұрмаған жесірлері – 8297 теңге;
Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары – 8501 теңге;
ҰОС ардагерлеріне немесе мүгедектеріне теңестірілген марқұмдардың әйеліне не күйеуіне – 4742 теңге;
ҰОС жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметін атқарған тұлғаларға – 3945 теңге арнаулы әлеуметтік жәрдемақы төленеді.