Республикамыздың өңірлік даму министрі Болат Жәмішов Шымкентке келген іс-сапарында жер катынастары жөніндегі заңға өзгертулер енгізілетінін айтты. Осы орайда үкімет мүшесі жер мәселелері жөнінде Оңтүстіктегі басшылардың пікірін білген болатын. Мәселен, облыс әкімі Асқар Мырзахметов кездесуде жерді субарендаға берудің қажеті жоқ деп кесіп айтты. Алайда, Созақтан келген ауыл әкімі бұл пікірді қолдай қоймады.
Пардабек Сақтапбергенұлы, Шолаққорған ауылының әкімі: «Қазір жер пайдаланушылардың инвестиция тартып жатуы — субаренда. Бұл жерде қол қойылып, келісім-шарт жасалмағанымен де ол субаренда болып жатыр қазір. Инвестиция тартты ма? Ол жерге басқа адам келіп істеп жатыр ғой. Сондықтан, біз осы жерде сол біраз шаруалар қалыптасып алғанша, осы жерді екінші рет жалға беру мәселесін қызғанбай қоя тұруымыз қажет пе еді?»
Расында да бөтеннің қаржысымен егінін егіп жатқандардың бар екенін Асқар Исабекұлы жоққа шығармайды. Оның ойынша, бұл жағдайды да реттеуге болады екен.
Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: » Иә, жер қожайынының біреумен бірігіп жерді игеруі жасырын субаренда екені анық. Мәселен, біз қазір жер иесінің жауапкершілігін жоғарылату жайлы құжат дайындап жатырмыз. Осы құжат арқылы екі азаматтың жерді игеруін реттеуге де болады. Бірақ, мемлекеттің алдында сол жер үшін жауап беретін бір қожайыны болуы керек.»
Сондай-ақ, жиында егіншілік пен құрылысқа берілетін жер көлемін заңмен бекіту мәселесі де қаралды. Себебі, соңғы кездері егін басына үй салушылар көбейген.
Болат Жәмішов, ҚР Өңірлік даму министрі: «Оңтүстік Қазақстан облысында 230 азамат өз иелігіндегі жерді 12 соттықтан 1897-ге бөлген. Енді ол жерлер ауыл шарушылығына емес, тұрғын үй салуға берілгені анық қой. Салдарынан елдімекен сыртынан жоспардан тыс тағы бір ауыл пайда болады. Мұндай жағдай Жамбыл мен Қызылорда облыстарында да орын алып отыр. Мәселен, Жамбылда 61 жер 8 сотықтан 211-ге бөлінген.»
Осы орайда облыс әкімдігі егіншілік жердің ең төменгі көлемін 2,6 гектар деп бекітуді ұсынып отыр. Өз кезегінде министр мырза айтылған ұсыныстарды Елордаға жеткізуді уәде етті.