Жоғалғандар қайда кетіп жатыр?

Әлемде 3 минут сайын бір адам хабарсыз кетеді екен. Жылына орта есеппен 2 миллионға жуық адам із-түссіз жоғалады

Әлемде 3 минут сайын бір адам хабарсыз кетеді екен. Жылына орта есеппен 2 миллионға жуық адам із-түссіз жоғалады. Ізім-ғайым жоғалып кеткендер біздің облыста да аз емес. Олар қайда кетеді? Кім ұрлайды?

Әлемде 3 минут сайын бір адам хабарсыз кетеді екен. Жылына орта есеппен 2 миллионға жуық адам із-түссіз жоғалады
Әлемде 3 минут сайын бір адам хабарсыз кетеді екен. Жылына орта есеппен 2 миллионға жуық адам із-түссіз жоғалады

Осыдан бір ай бұрын 1997 жылы дүниеге келген Сарыағаш ауданының тумасы Айжан Айдарқызы Өнербаева із-түссіз жоғалып кетті. Ата-анасының айтуынша отбасындағы ұрыс-керістен соң бойжеткен ренжулі күйде үйден шығып кеткен. Жеткіншек сол кеткеннен мол кетіпті… ОҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының мамандары жуырда қыздың Шымкент қаласы аумағында құрбыларымен сауық-сайран құрып жүруі мүмкін деген жедел ақпаратқа қол жеткізген. Ата-ананың «тірі болса бір келер» деген үмітін үзгісі келген қыздың алдағы күні не болмақ?

Айдың-күннің аманында адамдардың кенеттен жоғалып кетуі түрлі ойға жетелейді. Байланыс құралдары дамыған бүгінгідей өркениетті қоғамда да туған-туысымыздан көз жазып қалып жүрміз. Ал хабар-ошарсыздарды iздеумен айналысатын тиiстi орындар жоғалғандардың көп жағдайда өздерi кiнәлi болып шығатынын уәж етедi. 

15-014

Соңғы жылдары iз-түзсiз кететiндердің басым бөлiгiн жастар құрауда. Олардың үйiнен кетiп қалуына бірнеше себеп бар. Ер азаматтар көбіне ақша табу мақсатында туған-туыстан ажырап қалатыны белгілі болып отыр. Ал жоғалып кеткен оқушы қыздар мен студент бойжеткендердің жеңiл жүрiстілердің қатарынан табылатыны анықталуда. Мамандар мұндайға көбіне тұрмысы нашар отбасынан шыққан қыздар баратынын айтады. Мектеп-интернаттан немесе жетiмдер үйiнен шығып кетiп, қайта оралмағандар да көп. Сондай-ақ, жүйке жүйесiнде ауытқуы бар балалар мен егде жастағылар жоғалғанда да хабар-ошарсыздар тiзiмiне iлiнедi. Жарымжан жандардың өзгелерден айырмашылығы ― қоғамға қауiптiлiгiнде. Ақыл-есiн толық бiлмейтiндерi байқаусызда бiр пәлеге ұшырап қалуы ғажап емес. Сондықтан оларды iздеу жұмыстары ерекше жүргізіледі. Осы iспен айналысатын сала қызметкерлерi жоғалған адамдарды үйдегi жанжалға байланысты кетiп қалғандар, тәрбиеге мойынсұнғысы келмейтiндер, психикалық ауруға шалдыққандар, жұмыс iздеп кеткендер және қылмыскерлердiң құрбаны болғандар деп бөледi екен. Сонымен қатар, кiм екендiгi анықталмаған мәйiттер де хабар-ошарсыздар қатарына жатқызылады. Соңғы кездері хабарсыз кеткендердің көбеюіне ғаламтор да себеп бола бастапты. Бүгінгі жастардың басты байланыс құралына айналып отырған әлеуметтік желілердегі хат алмасулардың соңы бір-бірін іздеп сапарға шығуға ұласады. Сезімнің жетегіне жастарды былай қойғанда, жасамыстардың да еріп бара жатқанына куә болып жүрміз. Жуырда үш баланың анасы, қырық жастағы келіншек (Төлеби ауданы) отбасын тастап, ғаламтордағы ғашығын іздеп кетеді. Ізім-ғайым жоқ болған әйелді жолдасы іздеп, құзырлы органдарға хабарласады. Іздеу шаралардың нәтижесінде азаматшаның Түркия елінен бір-ақ шыққаны анықталады. Артынан қимасымен қауышқан әйелдің алдағы өмірін шетелде өткізгісі келетіні, қайта оралмайтыны белгілі болады… Міне, бұл ғаламтордағы ғашықтықтың «жемісі».

15-013

Айта кетейік, ата-ананың қарауынсыз қалған балалар да жоғалғандар қатарын толтырып отыр. Сала мамандары бұл ретте балаларына атүсті қарайтын ата-аналарды кінәлайды. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалардың соңы бақытсыз жағдайларға ұласып жатады. Әсіресе, шомылу маусымында суға батып, бақилық болатындардың көбісін ата-ананың бақылауынсыз қалған балалар мен жеткіншектер құрайды. Ал шет ауылдарда қадағалаусыз қалған балалар сай-сайды кезіп жоғалып кетеді. Тоңып, көз жұматындары да баршылық…

Табылғандар таң қалдырады

Қазіргі таңда облыс бойынша 198 адам хабар-ошарсыз кеткендер санатында. Биыл бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 14 адамға артып отыр. Жыл басынан бері облыс бойынша 7 жасөспірім жоғалса, соның 6-уы қыз бала. Бұрнағы жылдардан қалған іздеудегілер саны 107-ге жетсе, (былтыр бұл көрсеткіш 102 болған), қылмыстық іздестірілуде 203 адам тұр. Биыл іздестірілудегі қылмыскерлер саны 50 адамға артып отыр. Оларды анықтау жұмысы былтыр 42,6 пайызға орындалса, биылғы көрсеткіш 50,1 пайызға тең. Ал жоғалған азаматтарды анықтау жұмыстары 41,6 пайыздан 43 пайызға өсіп отыр. Сала мамандарының сөзіне қарағанда, көзден ғайып болғандар көбiне үш күннiң iшiнде табылып жатады. Егер құзырлы органға келiп түскен ақпардан соң жоғалған адам үш күнде, жасөспiрiм болса бiр күнде табылмаса оларға ресми түрде iздеу iсi ашылады. Алдымен жоғалған жанның үйiнен бастап, жуық арада онымен байланысқан достары, туыстары тексерiледi. Содан соң баруы мүмкiн деген жердiң барлығы сүзгiден өтедi. Жоғалғандарды іздестіру үшін кейде иісшіл иттер де жұмылдырылады. Мамандар үйретілген иттердің мәйіттерді табуда көмегі зор екенін айтады. Кейде тіпті ауруханалар мен мәйiтханаларды да шұғыл қарап шығуға тура келедi. Бүгінде рәсімделген теміржол билеттері арқылы да жоғалғандарды іздестіру мүмкіндігі туып отыр. Тәртіп сақшылары алдағы уақытта мұндай анықтауларды әуежай қатынастарына енгізуді де ұсынып отыр. Және жоғалушының банкiде есеп-шотынан соңғы рет қай уақытта «операция» жасағаны да қаралады. Егер оған қатысты қандай да бiр қылмыстық iстiң белгiсi болса, iс мiндеттi түрде қылмыстық iздестiру бөлiмiне жөнелтіледі. Ал, қылмыстық iстің себепсiз өздiгiнен қысқармайтыны белгілі. 

15-012

Қазiргi таңда прокуратура қызметкерлерi жоғалғандардың көбiсiне қылмыстық iс ашуда. Жалпы, хабар-ошарсыздар он жыл бойы iзделiп, осы аралықта дерек болмаса жоғалғандар тiзiмiнен алынып тасталады. Аты-жөнi анықталмаған мәйiттер жайлы да осыны айтуға болады. Елiмiздiң заң талаптарына сай егер ұшты-күйлi жоқ болып кеткен жаннан бiр жыл бойы дерек болмаса сот оны «хабар-ошарсыз», егер iзiм-қайым кеткен жаннан үш жыл iшiнде мәлiмет табылмаса «өлдi» деп шешiм шығаруға құқылы. Әрине, ол үшін алдымен тиiстi құжаттар жиналуы тиіс. Осылайша, «хабар-ошарсыз» немесе «өлдi» деп танылған азаматтың мүлiктерi оның жақын туыстарына берiледi. 

Нұрлыбек Әлібекұлы, ОҚО ІІД-нің қылмыстық полиция басқармасының полиция капитаны:

– Соңғы кездері іздестіру іс-шаралары жетілдіріліп келеді. Бұл мақсатқа бірнеше құзырлы мекеме қызметкерлері қатысады. Хабар-ошарсыз кеткендерді іздеу мен қылмыстық іздестірулердің әрқайсысының өз жүйесі, тәсілі бар. Екеуіне де ортақ бір амал бар. Жоғалғандар туралы ақпарат ең алдымен БАҚ-на орналастырылады. Жалпы, теледидар мен газеттер арқылы іздеу жариялау көп жағдайда оң нәтиже беріп жатады. Дегенмен,ондай жарияланымдарды біз іздестіру шаралары аяқталғанша үздіксіз бере алмаймыз. Себебі, әрбір жарияланым ақылы. Қомақты қаражат қажет.

Кейде тіпті, жоғалған азаматтар табылып, таң қалдырып жатады. Осыдан бiрнеше жыл бұрын прокуратура қызметкерлерi бiрқатар азаматтардың өмiрде бар екенiн, тiптi олардың жайбарақат жұмыс iстеп жүргенiн анықтаған болатын. «Хабар-ошарсыз кеттi» деп танылғандардың арасында өзге облыстарда полицей және медицина қызметiнде еңбек етiп жүргендер де бар болып шыққан. Сорақысы сол, шымкенттiк азаматшаның арызы негiзiнде сот оның бұрынғы жұбайын «өлдi» деп жариялағаны, ал оның бiрнеше жылдан берi Астана қаласында тұрып жатқаны анықталған. Аталған азаматтар зейнетақы төлем орталығына жалақыларының 10 пайыздық үлесін аударып отырыпты.

Түйін: 

Қазақ қашқындарының да қарасы көбейіп келеді. Соңғы деректерге қарағанда халықаралық іздестірілуде қазір 158 отандасымыз бар екен. Халықтың қазанына түсіп, қазынасын жымқырған­дардың ұзын-саны белгісіз, бірақ, көп және күн сайын саны артып, молайып келеді. Сіз бен біздің несібемізге қолын молынан салғандар ақыр аяғында шетелге бой тасалап, не қаржысын, не өзін табуға мүмкіндік бермей, зым-зия кетеді. Интерпол арқылы іздеу салып, халықаралық іздеу жарияланған Рахат Әлиев, Мұхтар Әблязов, Храпун­овтар отбасы мен ағайынды Рысқалиевтер табылмай жатқанда қарабайыр халықтың көзден таса болуы ине жоғалтқандай да емес-ау …

Мақпал РЫСБАЕВА