Жылудың ақысын төледіңіз бе?

«3-Энергоорталықтың» мамандары әкімшіліктің қызметкерлерімен бірге жылуға қарыз тұтынушыларға рейд жасады. Қазынаға түспеген қаржыны өндіру үшін бұл рейдтің аз да болса пайдасы болуы мүмкін. Жылуға қарызы қордаланып қалған үйдің бірі 18-шағынауданда орналасқан. Сондықтан арнайы топ жұмысын осы жерден бастады.

Әсия Галеева, «3-Энергоорталық» АҚ-ның маманы: «Мәселен, бір үйде 90 пәтер болса, соның 25-і жылуға қарыз. Осы көп қабатты үйдің өзі жылуға 1 миллион 250 мың теңге берешек.»

Алайда «3-Энергоорталық» жүргізген кезекті рейді кезінде қарызды төлеу бойынша пәтер қожайындарының барлығы да баяғы бір жырды «әндетті». Бірі қызының жалақы алуын күтіп жүргенін айтса, екіншісі басқа сылтауын желеулетті.

Бұл ескерту рейді ғана дейді жылу берушілер. Осыдан соң да берешегін өтегісі келмейтіндер келесі жылу маусымында мүлдем жылу атаулыдан қағылады екен.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ECxDm0BqSkk[/youtube]

Мына қызықты қараңыз. Жылудың ақысын берісі келмейтіндердің дені қалтасы қалың тұтынушылар екен. Жылу берушілер әзірге азаматтарды «Қарызыңызды қайтарыңыз» деп ескертеді. Өйтпеген жағдайда ісіңізді сот қарайтын болады. Бұл — банктегі шотыңыз жабылып, шетелге шыға алмауыңыз бек мүмкін деген сөз.

Жарқынбек Әлімбетов, «3-Энергоорталық» АҚ бас директорының орынбасары: «Біз жиналған қаржыға көгілдір отын үшін қордаланған қарызымызды төлеп, қызметкерлерімізге жалақысын берсек дейміз. Одан бөлек жылу жүйелерін де жөндеуге кірісу керек.»