Сабина Әшірбаева — облыс үміті. Көркем гимнастикадан Оңтүстікте жастар арасында топты жарып жүрген жалғыз жерлесіміз. Халықаралық аренаға шығып, Әлем кубогі үшін таласта шеберлігін шыңдаған да осы Сабина.
Бастапқыда Әлия Юсупова бапкерлік етсе, бұл күндері Мәскеуде дайындалуда. Шымкенттік гимнасшыны ресейлік Наталья Гарбулина жаттықтыруда. Бұл маманның шәкірттері кезінде Олимпиада шыңына көтеріле білген. Сабинаның да арманы сол.
Сабина доппен де, ілмекпен де, таспамен де шеберлік танытуы тиіс. Сол себепті демалыс күндерін де ол спорт залда жаттығумен өткізеді. Тамыздың жетісі күні Болгарияда Әлем кубогінің тағы бір кезеңі өтеді. Содан кейін жерлесіміз Қазанға барып, Азия ойындарына дайындығын сынға салады.
Он бес жасар жерлесіміз үшін биылғы маусым жарыстарға толы болды. Үш рет әлемдік аренада тәжірибе жинақтап, Италияда өткен жарыста алғашқы үздік жиырма гимнасшының арасынан көрінді. Жас өркеннің ендігі мақсаты — осы көрсеткішін жақсарту.