Асқар Мырзахметов жарты жылдық жұмыстарды қорытып жүр

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов 2014 жылдың алты айында атқарылған жұмыстар бойынша аудан-қалаларды аралауды бастады. Бұл жолғы сапарын бірінші басшы Мақтаарал, Шардара, Сарыағаш пен Қазығұрт аудандарынан бастады. Екі күндік іс-сапарды облыс әкімі атқарылған жұмыстарға емес, жұмысы алға баспай, сынға ұшыраған мәселелерге арнады. Сонымен…

Асқар Мырзахметов

Мақтааралда ауыл шаруашылығына қатысты берілген көп тапсырма жартылай орындалған. Нақтырақ айтсақ, жылыжай салу ісі 52 пайызға іске асса, малды бірдейлендіруге қатысты іс те жүрдім-бардым атқарылған. Мұнан бөлек, оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Ал демалыс лагерьлеріне барып, демалып қайтқан оқушылардың саны 1 пайызды ғана құрайды. Себебі, ақша қаралмаған дейді облыстық білім басқармасының басшысы Альбина Елшиева.

Сарыағаштағы ахуал да көңіл көншітпейді. Мұнда мал тұқымын асылдандыру ісі бар болғаны 3,8 пайызға орындалған. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының да жұмыс жасап жарытып жатқаны шамалы. Жарты жылда 21 бағдарлама жүзеге асуы тиіс болса, соның алтауы ғана орындалған. Білім беру мен мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесі де ақсап тұр.

Ал Қазығұрттағы істің дамуына тұсау болған — жайылымдық жерлердегі су тапшылығы. Кеңестік кезеңде жұмыс жасаған барлық құдық бүгінде жарамсыз күйге түскен. Тіпті 22 құдық иесіз мүлік ретінде анықталыпты. Ендігі жерде оның барлығын қалпына келтіру қажет.

Шардарадағы шатқаяқтаған мәселе — көптеген жердің иесіз жатқаны. Әйтпесе, ауданда нулы жер көп. Төрт ауданға екі күндік сапарында облыс басшысы біз айтып өткен осы жағдайларды сын садағына алды. Жұмыста кездескен әрбір кемшіліктер бойынша жеке-жеке тапсырмалар беріп, орындалуын қадағалауды тапсырды.