Шымкенттік кәсіпкерді улап өлтіргені үшін әйелі сотталды. Ерінің тағамына психотроптық дәріні қосып берді деп айыпталып отырған әйел қатаң режимдегі түрмеде 10 жыл жазасын өтейтін болды. Қоғамдық қызығушылық тудырған қылмыстық істің соңғы нүктесі бүгін қойылды.
Шымкенттегі автокөлік базарының иесін өзінің әйелі улап өлтірді деген шешімді облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот шығарды. Осыдан төрт жыл бұрын көз жұмған кәсіпкердің өліміне қатысты істі қарау үстіміздегі жылдың қаңтар айында басталған болатын.
Еске салсақ, осыдан үш жыл бұрын қаладағы ірі автокөлік базарының қожайыны Рашид Жұманов жұмбақ жағдайда қайтыс болған еді. Сот-медициналық сараптама нәтижесі оны «Аминазин» препаратынан уланып өлген деп шешті.Бұл қорытындыны растау үшін марқұмның мәйіті бірнеше рет қайта қазылып та алынған еді. Осы бойынша бірнеше жыл тексеру жүргізген тәртіп сақшылары, ақыры, кәсіпкердің әйелінен күдіктене бастаған-ды.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Ciwn8gS67mM[/youtube]
Бүгін кәсіпкердің әйелі Әлия Жұманова Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 96-бабы бойынша айыпты деп танылды. 49 жастағы әйел өз жұбайымен келіспей қалып, ұзақ уақыт бойы ерінің тағамына психотроптық «Аминазин» дәрісін қосып отырған. Ер кісінің соның салдарынан қаза тапқаны дәлелденіп, жесірі қатаң режимдегі колонияда 10 жыл жазасын өтейтін болды.
Руслан Абдаримов, ОҚО прокуратурасының №10 басқармасының басшысы: «2014 жылдың 9-қыркүйегі күні үкім жарияланды. Сотқа берілген азаматша ҚР ҚК-нің 96-бабының бірінші бөлігімен, яғни қасақана кісі өлтіру әрекеті бойынша айыпты деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.»