Оңтүстікте агро-индустриалды аймақтар құрылады

430

Оңтүстік Қазақстан облысың барлық аудандарында агро-индустриалды аймақтар ашылмақ. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев айтты.

001

Мұндай аймақтарды құру арқылы аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылық өнімдерінің импортталуын азайту жолға қойылмақ. Мәселен, қыс-көктем мезгілінде еліміздің Оңтүстік өңіріне 9,4 мың тонна қызанақ пен 11,7 мың тонна қияр, 85 мың тонна алма, алмұрт, жүзім импортталып отыр.

Агро-индустриалды аймақтың негізгі артықшылықтары: инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды шаруаларға тегін жеткізу, кәсіпкерлерге субсидия алуға қолдау көрсету, кәсіби шетелдік мамандарды қатыстыру арқылы агросүйемелдеуді ұйымдастыру, өнімді тасымалдау мен сақтауды ұтымды ұйымдастыру, ортақ машина-трактор стансасын құру.

Бүгінде аудан, қалаларда ашылатын аймақтардың мамандануын анықтау үшін табиғи-климаттық жағдай мен бос жатқан жерлерге талдау жасалды. Агро-индустриалды аймақтарды құруда басым бағыттар ретінде интенсивті алма баулары, жылыжайлар, өнеркәсіптік балық шаруашылығы, жүгері және күнбағыс өсіру, ірі қара мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру қолға алынбақ.

«Қазіргі таңда интенсивті алма бауларын егуге Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас аудандарында жалпы 300 га жуық жер қаралды. Ал ашық әдіспен ерте пісетін картоп өсіру үшін Сарыағаш ауданында 50 га, Сайрам ауданында ашық әдіспен қияр өсіруге 200 га жер бөлінсе, Шымкент қаласында жылыжай құрылысына 66 га жер белгіленген. Агро-индустриалды аймақтарды құрудағы басты мақсат – өңіріміздің инвестициялық мүмкіндігін арттырып, ауыл шаруашылығы саласында инвесторларға қолайлы жағдай жасау» деді С.Тұяқбаев.

Қазіргі таңда жобаларға инфрақұрылым жүргізу үшін құжаттар рәсімделіп, қаржылық институттарды тарту бағытында жұмыстар атқарылуда. Жиын соңында агро-индустриалды аймақтар жобаларын бірігіп, жүзеге асыру үшін облыс әкімдігі, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мен «Шымкент» ӘКК» ҰК» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Дереккө: ОҚО әкімдігі аппаратының баспасөз қызметі