Прокурорлар табиғатқа алаңдайды

271

Оңтүстіктің прокурорлары табиғатқа алаңдайды. Құзырлы орган өкілдері өңірдегі ағаштың себепсіз қырқылуы мен қызыл мияның жойылып бара жатқанына алаңдайды.

001

Табиғатты қорғау прокурорлары қазіргі таңда қызыл мия өсімдігі жойылып барады деп дабыл қағуда. Осы жылдың өзінде күнгейден Қытай және Жапония елдеріне құны 9 млн. теңгенің 12 тонна миясы жеткізілген. Бұған құзырлы орган қызметкерлері шара қолдануға дәрменсіз. Өйткені бұл өсімдік медицинадағы қоспалар үшін алынады.

Осыған алаңдаулы прокуратура қызметкерлері мия өсімдігін арнайы қорғауға алу үшін облыс әкіміне ұсыныс жіберген. Ресей және Тәжікстан, Өзбекстан, Австралия мемлекеттерінде жасыл мияны өсіру бойынша арнайы субсидия төленеді. Егер Қазақстанда бұл өсімдікті көбейту бойынша жұмыстар қолға алынбаса, қызыл мияның жойылып кетуі ғажап емес.

Дәрілік өсімдіктіѕ жәйі өз алдына, Шымкент жасыл желекті қала атауынан айрылып қалуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, жыл сайын жасыл баққа заңсыз шабуыл көбейіп кеткен. Бір жылдың ішінде 700-ге жуық ағаш жоғалған. Бұл мәселеге бей-жай қарай алмаған табиғатты қорғау прокуратурасының мамандары арнайы тексеру жұмыстарын жүргізіпті.

Прокуратура қызметкерлері алдымен қалалық тұрғын үй-комуналдық шаруашылықтың жасыл аймақтағы жұмыстарына тексеру жүргізген. Нәтижесінде жасыл ағаштарды рұқсатсыз кесу факторлары анықталып, тіпті бұл іске мемлекеттік қызметкердің өзі арнайы рұқсатын бергені әшкере болды. Сондықтан болса керек, 2014 жылдың қорытындысы бойынша 652 ағаш белгісіз себеппен жоғалып кеткен.

Қалалық тұрғын үй-комуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары бұл заңға қайшы іс бойынша ауызша ескерту алған. Мемлекеттің қызметкердің айтуынша, жоғалған 652 ағаштың орнына қайтадан жаңасы отырғызылған. Осы жұмыстар үшін 7 млн. теңге жұмсалған. Бұл қаржыға бюджеттен бір тиын да алынбапты. Өйткені «ЛТД Тұрмыс», «Жасыл қала» және «Бәйтерек» компаниялары ағаштарды отырғызу жұмыстарымен өздері айналысыпты.

Прокурорлардың айтуынша, қаладағы ағаштардың саны қанша екені белгісіз болғандықтан, бұл іске бақылау жүргізу қиын. Бюджеттен жылда жасыл желектің қатарын көбейту үшін қомақты қаржы бөлгінгенімен, кейін олар белгісіз себептермен жоқ болып кетеді. Тұрғын үй-комуналдық шаруашылық бөлімі жылда жасыл аймақтардың арнайы паспортын құрамыз деп әуеде берумен келеді. Бұл үшін бюджеттен қаржы қаралып, одан соң арнайы база құрылуы тиіс.