Қорғасын зауытының алдындағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған Мәңгілік алаудың бүгінгі халі мүшкіл. Айналасындағы ағаштар сынып, қоқысқа толып, Мәңгілік алау ендігі сөніп қалған.
Шенеуніктер болса, ескерткішті жыл сайын жөндеуден өткізетіндерін айтып отыр. Мәселен, Абай ауданы әкімінің орынбасары Гүлсара Тәшімова былай дейді:
– Жыл сайын ескерткішті жөндеуден өткіземіз. Биыл кестеге сәйкес тазалау және жөндеу жұмыстары 20-ақпаннан кейін басталады. Зауыт тоқтап қалса да өмірін соғыста қиған жандардың құрметіне ескерткіш сақталуы керек. Зауыт иелерімен келіссөз жүргізіп, Жеңістің 70 жылдығында қорғасыншыларға арналған Мәңгілік алаудың жалындауына қол жеткізбекпіз.
Уәде Құдайдың бір есімі дейді. Шенеуніктің айтқандары аяқсыз қалмайды деп сенеміз.
Жәнібек НҰРЫШ
«Оңтүстік Рабат», №7, 18.02.2015