И. Панфилов басқарған дивизияның жауынгерлік туы Шымкентте. Жалау қаламызға еліміз бойынша басталған «Біз-жеңістің мұрагеріміз» эстафетасымен жеткен.

Бұған дейін Алматы қаласында болған ту көшірмесі көпшілікке «Мәңгілік алау» мемориалында көрсетілді. Оны тамашалау үшін жас сарбаздар мен соғыс ардагерлері де келді.

Панфилов дивизиясының жауынгерлік туын Шымкент әскери құрметпен күтіп алды. «Мәңгілік алау» мемориалының алдында сап түзеген жас сарбаздар. Қан майданнан өтсе де осы сәтте толқып тұрған қарт жауынгерлер. Алматыда алауын жаққан эстафета міне Шымкентке жетті.


Нияз Айтешов, полковник: «Басты мақсат — жерлестеріміздің соғыста көрсеткен жанқиярлық ерліктерін насихаттау. Айтып жеткізу. Және де ортамызда өмір сүріп жүрген соғыс ардагерлеріне құрмет көрсету».


Тудың түпнұсқасы Қырғызстандағы 8-гвардияшыл штабта сақталған. Ал, бұл Панфиловшылар дивизиясының жауынгерлік туының көшірмесі. Ту көшірме болса да соғыс ардагерлері оны құрметтеп бұл жиынға арнайы келді. Солардың бірі 101 жастағы Ұлы отан соғысының қатысушысы — Халел Атантаев.

Халел Атантаев, ҰОС ардагері: «Бүгінгі ұрпақ өте жақсы. Дәл осындай болып өссе бәріне рақмет. Жастар аман болсын, біздің болашағымыз сол жастарда».

Енді бұл дивизиясының жауынгерлік туы 11 мың шақырымды артқа тастап, еліміздің 24 қаласынан өтеді. 5 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласына жеткізіледі. Ал 7 мамырда сарбаздар елордада өтетін салтанатты шеруге ұстап шығады.

Назерке Үкібасова