Бәйге аттарын баптайтын әулет

Көроғлы Қасымов
Көроғлы Қасымов
Көроғлы Қасымов

Түлкібас ауданының орталығында тұратын Көроғлы Қасымов ағаның есімі көпшілікке жақсы таныс. Ол кісінің емшілік, көріпкелдік қасиеттерін біздің елімізден тысқары тұратындар да мойындайды. Оған дәлел – жылдың қай мезгілі, қай сағаты болмасын есігінен адам үзілмейді. Бір шеті Мәскеуден, мына шеті Қырғызстан мен Өзбекстаннан кісілер келіп жатқанына талай мәрте куә болдық. Аңқылдап қалған ағамыз бәрінің де көңілін тауып, риза пейілмен аттандырып жатады.

Біздің бүгінгі айтпағымыз Көроғлы ағаның басқа бір қыры. Ол – ағаның атқұмарлық қасиеті. Жылқы малы дегенде ішкен асын жерге қоятын бұл кісінің қорасында небір сәйгүліктер жер тарпып тұрады. Ала жаздай таудың баурайында үйір-үйір жылқылары жайылып жүреді. Қорасы деген кішігірім жылқы зауытының қорасындай. Бейберекет жатқан басы артық бір зат болмайды мұнда. Бәрі де орын-орнымен, рет-ретімен орналасқан. Біз Көроғлы ағамен Қамбар ата тұқымы төңірегінде сұхбат құрдық. Үйіндегі сәйгүліктер жөнінде тәптіштеп сұрадық.

Тұлпар туралы әңгіме қозғағанда Көроғлы ағамыз ерекше әруақтанып, қатты-қатты сөйлеп кетеді екен. Қорасындағы бәйге аттардың қайда туылғаны, оның әкесі қандай ат болғаны, анасының тұқымы қандай еді, бәрін де көзін жұмып отырып айтып береді. Түп-тұқияннан сөз қозғап, жеті атасын жілікше шағып, таратып шығатын қазақтың шежіреші қариясы дерсің тура.

– Мен 25 жылдан бері таза тұқымды жылқы жинаумен айналысып келемін. Осы ширек ғасыр ішінде қазығымда небір бәйге аттары байлаулы тұрды. Су төгілмес жорғасы да, шашасына шаң жұқтырмайтын жүйрік те болды. Қазір де ондай аттарым көп. Оларды соймаймын, сатпаймын. Ешнәрсеге айырбастамаймын да. Сәйгүлік аттың сұлулығынан асатын не бар әлемде, – дейді Көроғлы аға. – Қорамда тұрған бір аттың есімі «Лашын». Қазір 20 жас-та. Кезінде бұған ілесетін жүйрік болған жоқ. Ел чемпионатында үш жыл қатарынан чемпион болды. «Лашынның» әкесі «Шептун», анасы «Вилла» деген сәйгүліктер, таза ағылшын тұқымдары еді. «Лашынды» 1993 жылы осы ауданның бір колхозынан сатып алдым. Жамбыл облысында бір үлкен бәйге болды 1997 жылы сол кездегі әкім А.Тшанов тек өзінің облысының аттарын қосатын болды. Содан жамбылдық Кемелбек деген кісімен жақсы таныс едім, атымды сол досымның атынан қосып жібердім. «Лашыным» лашындай жарқылдап, бірінші боп келді.

– Екінші рет «Лашынның» чемпион болғанын айтайын, – деді арқасы қозып, көтеріліп алған ағамыз. – Алматыда 5 жыл бойы 1-орынды бермей келе жатқан «Қарлығаш» деген тұлпар болды. Қордай ауданындағы Мұратбек деген кісінің аты еді. Менің «Лашыным» осы «Қарлығаштан» озып келіп, чемпион атанды. Ал, содан соң жұрт мені ортаға алсын. «Лашыныңды» сат» – дейді ғой.

– Аспандағы бағаны ұсынды. «100 мың доллар берсеңдер де сатпаймын. Өзім асыраймын, өлсе өз ажалынан қолымда өледі» деп кесіп айттым. Менің бірбеткей мінезімді білетіндер қайтып бұл әңгімені қозғаған жоқ…

14-001

Көроғлы аға кіші баласы Расулға қорадағы «Лашынды» бері алып шығуды тапсырды. Бір кезде қорадан ойнақтаған «Лашын» да шыға берді. 20 жасар дейтіндей емес, ытырылып тұрған тұлпардың күтімі жақсы екені көрініп-ақ тұр. Дүбірді сағынып қалса керек, тау жаққа қарай жұлқынып тұрған тұлпарды Расул ініміз зорға қайырады.

Көроғлы ағаның айтуынша «Лашыннан» қазір еркек-ұрғашысы бар, бәрін қосқанда 20 шақты тай-құлын өсіп отыр екен. Былтырдың өзінде 8 бие осы сәйгүліктен құлындапты. Күші бар кезінде жақсы аттың тұқымын көбейтіп алуды ойлап отыр.

Бұл әулеттің бүгінгі күнге үкілеп отырған сәйгүлігі «Ргетас» деп аталады екен. Қостанай жерінде туылған құлынды 11 айлық болған кезінде сатып әкеліпті. 3 жасқа толып жатқан күреңтөбелдің болашағы зор боларына бек сенімді. Расулдың жетегіндегі «Ргетас» та бойына күші сыймай, аспанға шапшумен болды. «Тәк-тәктеген» жігіт оны көше жаққа шығарып, бір айналдырып әкеліп, қайта қорасына кіргізді.

– Ооо, сендер мұның ата-тегін білмейсіңдер ғой, – деген Көроғлы аға күреңтөбелдің шежіресін тарқатып шықты. – Мұның әкесі Америкада 6 рет чемпион болған «Ривербой» деген мықты ат. Анасы «Гаванна» деген бие. Қостанайдың жылқы зауытында өскен. Америкалық «Ривервойға» осы биені салып, тудырған екен. 2010 жылы, 17 наурыз күні туылды деп құжатында жазулы тұр. «Гаваннаның» арғы тектері де кілең жүйріктер. Ол «Неон» есімді биеден туылған. Әкесі «Ма» деген тұлпар. «Неонға» Қостанайда ескерткіш орнатылған. «Ргетасты» қазір баптап жатырмыз. Алла жазса, алдағы Президент кубогында алғашқы жарысқа қатысады. Оған немерем Сулейман мініп шабады. Жақсы ат болады деп үміт күтіп отырмыз, – дейді.

Қора жаққа елеңдеп отырғанымызды байқаған ағамыз ойымызды білгендей орнынан тұрды. «Гәль, жікітім, жүр бұра, сендерге басқа да жылқыларымды көрсетейін» деп алдымызға түсіп жүре берді. Арнайы бөлінген кішкентай қораларда жылқылар жас-жасымен реттеліп, қамалыпты. Кейбіреулері байлаулы тұр. Әйгілі олимпиада чемпионы «Абсенттің» ұрпақтарын дәл осы жерден көреміз деп ойламаған едік. «Абсенттің» «қызының» «қыздары» бар екен. Ақтанауторы биені әйгілі жүйріктің шөбересі деп таныстырып жатыр. «Редлея» есімді бұл биенің енесі «Радуга», оны туған «Редлея» есімді бие де сол «Абсенттен» тараған екен.

– Жалпы менде «Абсенттің» ұрпақтарынан 2 айғыр, 4 бие болды. Соның үлкені «Редлея» атты бием еді, екі-ақ рет құлындады. Біріншісі ұрғашы құлын болды «Радуга» деген. Оның әкесі М. Сапарбаевтың аты еді. Соның көзге көрінер-көрінбес екі мүйізі бар болатын. Иә, иә, кәдімгі ертегілердегі пырақтар секілді екі мүйізі бар. Бір құдіреті бар шығар деп ойлаймын. «Радугадан» мына құлын туды да, «әжесінің» құрметіне атын «Редлея» деп атадым. «Әжесі» екінші рет туғанда өте қиналып туды, кейін өліп қалды. Ләж жоқ, қайтем енді. Мына қолдағы биелердің көпшілігі манағы «Лашыннан» тоқтап, құлындап жатыр. Мақсатым – екі-үш жыл тимей, бәрін түгелдей асылдандыру. Мен мықты деген кісілердің 30-ға тарта «конюшналарын» көрдім. Менің қорам олардан артық болмаса кем емес. Бәрі де заңды түрде тіркелген, малдың бәрі уақтылы тексеруден өтіп тұрады. Ауданның басшылары «сізде барлық жағдай жасалынған, асыл тұқымды жылқы шаруашылығын құра беріңіз» деп отыр. Оған да аз күн қалды, – дейді Көроғлы ағамыз.

Күтімі келіскен жылқылардың ішінде пошымы бөлек, аяқтары жуан-жуан бір-екі биелерге көзіміз түсті.

– Бұлар «Першерон» тұқымды биелер. Өздері күшті сондай. Мына жирен биені «Машка» деп атаймыз. «Лашыннан» тоқтады, ішінде 8 айлық құлын бар. Жүйрік ат пен үлкен биеден көкпар шабатын ат туылады деп күтіп отырмын, – дейді отағасы. -Менде «махинация», көз алдау деген жоқ. Шабатын ат шабады, ал, шаппайтын атқа жүз жерден допинг берсең де шаппайды. Ешкімнен ешнәрсені жасырмаймын. Тіл-көз тиеді деп қорықпаймын, жұртқа бәрін де көрсете беремін. Тек бәйге аттарымды тауға жайғанда жылан шағып алады деп қорқамын. Әйтпесе, ит-құсқа алдырмайтынына сенемін, – деді Көроғлы аға.

Ол кісіге жақын туыс боп келетін Махан Юсупов есімді жігіт Көроғлы ағаның жақсы ат десе әлемнің кез келген түкпіріне барып, көріп келетінін айтады.

– Сонау Қостанай мен мына шеті Жамбыл, Қызылордадағы асыл тұқымды аттарға үйдегі биелерін апарып қойып, жақсы тұқым алуға тырысатын ағаның жылқыға деген құмарлығы шексіз енді. Ұмытпасам, 1989 жылдары Алматыдан «Мальвина» атты бие әкелді. Су төгілмес жорға деп соны айтыңыз. Сағатына 80-85 шақырымға дейін желдей жүйткігеніне куә болдық. Соңынан арнайы машинамен жүріп, қарап отырдық. Ол биесі кейіннен мұзға тайып жығылып, мертігіп қалды. Біздің Көроғлы ағамыздан үйренеріміз де, көңілге тоқитынымыз да көп, – дейді М.Юсупов.

Бәйге аттарын баптаумен айналысатын бұл әулет биыл толықтай асыл тұқымды жылқы шаруашылығы болып құрылмақшы. Ендігі әңгімемізді сол кезде жалғастырмақ болып, Көроғлы ағамен қоштасып кеттік.

Әділ Әбдіраманов,

Түлкібас ауданы

«Оңтүстік Рабат», №14, 08.04.2015