Шымкенттік жігіт екі аттың үстінде тік тұрып, 2 шақырымды 3 минут 28 секундта еңсерді. Ол бұл өнерімен Кинэс-2025 Қазақстандық рекордтар кітабының кейіпкері атанды. Бүгінде жас спортшы ұлттық спортқа бет бұрып, атбегілікті қолға алған. Қала берді теңге ілу, садақ атумен де айналысады. «Жігітке жеті өнерде аз» деген Ернар Жасұзақтың арман мақсаты қандай?
Бұл 24 жастағы шымкенттік — Ернар Жасұзақ. Ол үш жылдан бері ат құлағында ойнап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Туып өскен жері Оңтүстік өңірі болса да, Алматы қаласының атынан өнер көрсетуде. Бірақ ұлттық спорт саласын дамытуға келгенде, қай өңір болмасын атсалысуы тиіс деп ойлайды. Сондықтан, теңге ілу, садақ ату сынды ойындарды қатар алып жүру мен үшін мәртебе деп отыр. Айтуынша, рекорд орнату үшін үш ай тынбай жаттығу жасап, жылқы малының бабын жасаған.
Ернар Жасұзақ, спортшы: «Екі атты үстінде трюк жасау, көшпенділер ойынынан кейін келді. Ұлттық спортымыздың дамып жатқанын көріп, өзіміздің қандай үлесімізді қоса аламыз деп ойладық. Содан соң, екі аттың үстінде тұрып, әлемдік рекорд орнатуды ойладық. Бұл нәтижелі болды. 3 минут 28 секундта екі аттың үстінде тұрып өтіп, әлемнің және Қазақстанның рекордтар кітабына ендік».
Ернар жастайынан ат спортына қызығып өскен. Бірақ, 21 жасында ат үстінде акробатикалық қимылдар жасаумен айналысып, кейіннен ұлттық спортқа ден қойған. Бұл өнер кең байтақ даланың еркін ұрпақтарының ерлігі мен ептілігін көрсетеді дейді кейіпкер. Қазіргі таңда, жарыстарға ғана қатысып қоймай, жасөспірімдерге садақ атудан сабақ өтеді. Оның арманы, биік белестерді бағындыру.
Ернар Жасұзақ, спортшы: «Атпен шаабандоздың арасында байланыс болуы керек. Сенің не істейін деп отырғаныңды атқа қимыл әрекетпен түсіндіре білу керек. Оған уақыт керек. Жылқы малымен сөйлесесің. Жұмыс жасау керек».
Ат құлағында ойнайтын жас шабандоз ұлттық өнерді дәріптеп қана қоймай, ұлттық спортқа үлкен леп алып келгісі келеді. Айта кетейік, ат спорты, тек спорт емес, рух пен тәртіпті қатар тәрбиелейтін өмір салты. Сондықтан, ат үстінде шеберлік көрсету, шабандоздық трюктер жасау екінің бірінен келе бермейді. Қазіргі таңда елімізде ат спортының түрлі бағыттары, соның ішінде бәйге, көкпар, жамбы ату, жигитовка сынды ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді.
Нұргүл Жолымбетова






