Бала ойнайтын жер жоқ

Темірлан тасжолы мен Мангелдин көшелері қиылысындағы №34-34А үйлерінің ауласы
Темірлан тасжолы мен Мангелдин көшелері қиылысындағы №34-34А үйлерінің ауласы
Темірлан тасжолы мен Мангелдин көшелері қиылысындағы №34-34А үйлерінің ауласы

 

13-018

Барының сиқы жаман. Майысқан темірлері, қисайған құрылғылары бала өміріне қауіп төндіріп тұр. Көктем келді дегенше баланы үйде ұстап отыру мүмкін емес. Әсіресе, демалыс күндері балақайлар таза ауамен тыныстап, асыр салып ойнағысы, әткеншек теуіп, жүгіріп-секіргісі келеді.

3-шағынауданы, №12 үйдін ауласы
3-шағынауданы, №12 үйдін ауласы

Мұндайда балалардың ермегі – ауладағы ойын алаңқайлары екені даусыз. Ойын барысында балалар денені шынықтырады, бірігіп ойнауға, көпшіл болуға үйренеді.

«Сайрам» шағынауданы №32 үйдің ауласы
«Сайрам» шағынауданы №32 үйдің ауласы

Қарлығаш Қоңырбекова, қала тұрғыны:

– Біздің үйдің ауласы осыдан екі жыл бұрын абаттандырылған болатын. Жаңа әткеншектер, сырғанақтар орнатылған болатын. Алайда, барлығы да темірден жасалған. Оның үстіне аула өте лас. Қоқыс жәшігінен ұшқан пакеттер мен қағаздар шашылып жатыр. Ал құмсалғышта ит-мысықтар аунап-қунап жататыны тағы бар. Бұдан кейін қалай жіберемін. Одан да үйде теледидар көріп, не компьютер ойнағаны жақсы.

Бүгінде 1 миллионға жуық тұрғыны бар Шымқаладағы көпқабатты тұрғын үйдің ауласында 1000-нан астам ойын алаңқайы бар. Жасалғанына көп уақыт болмаса да көбі қирап қалған. Кейбірінің құрылыс талаптары дұрыс сақталмаған. Салдарынан әткеншектер мен сырғанақтардың түбіне су жиналады екен. Енді бірінің түбіндегі қиыршық тасқа құлаған баланың жарақат алуы әбден мүмкін. Бұған қарап отырып, «қап, әттеген-ай, мердігерлердің осыны ескермегені өкінішті-ақ» дерсіз. Әйтпесе, балалардың кәдесіне жарайтын бұл алаңқайлардың әр қайсысына жергілікті қазынадан аз ақша жұмсалмағаны белгілі.

16 шағынауданы, №22 үйдің ауласы
16 шағынауданы, №22 үйдің ауласы

Облыс орталығында жаңадан бой көтерген «Нұрсәт» шағынауданында ойын алаңқайлары тіпті жоқ десе де болғандай. Жалғыз әткеншек пен сырғанаққа жармасқан нұрсәттік балақайлар әр ауланың өз алаңшасы болғанын аңсайды. Айтпақшы, алаңқайдағы жалғыз әткеншектің өзі сынуға шақ қап тұр.

Д.Ерімбетов көшесі, №12 үйдің ауласы
Д.Ерімбетов көшесі, №12 үйдің ауласы

Жалпы ауланы таза ұстауға енжарлық танытатын кейбір қала тұрғындары балалар алаңқайындағы ойын құрылғыларын қиратып жатқандарды көрсе де көз жұма қарайтыны рас. Мұндай тұрғындардан әткеншектерді күтіп ұстауға, бояу сатып алуға, ауланы көріктендіруге үлес қосуын сұраудың өзі артық.

«Күншығыс» шағынауданы, №46 үйдің ауласы
«Күншығыс» шағынауданы, №46 үйдің ауласы

Дегенмен, қаладағы көп қабатты тұрғын үйлерді аралап жүріп, үлгілі аулалардың да бар екенін көрдік. Сондай ауланың бірі – 16 шағынауданында орналасқан. Аула тұрғындары жергілікті биліктің орнатып берген әткеншектері мен сырғанақтарын өз қаржысына сырлап, күтіп ұстайды. Апта сайын сенбілік ұйымдастырып, өз беттерінше абаттандырады.

Бейбітшілік пен Ғ.Іляев көшелерінің қиылысындағы №13 үйдің ауласы
Бейбітшілік пен Ғ.Іляев көшелерінің қиылысындағы №13 үйдің ауласы

– Бәрі терезе алдындағы аумақты абаттандырудан басталды, – деп бастады әңгімесін Зоя Фахриддинова – Қыздарым қызғалдақ сатып алған еді, мен оларды отырғызып, жан-жағын дөңгелек резеңкесінен жасалған аққумен безендірдім. Одан кейін бүкіл ауланы абаттандыру ойы пайда болды. Менің ойымды тұрғындар құптады. Осылайша біз, қажетсіз бұйымдарды жинап, оларды кәдеге асыра бастадық. Ал, сыры кеткен әткеншектер мен бұйымдарды жаңалап отыру үшін жылына бір рет әр пәтерден 500-1000 теңге жинап тұрамын.

«Нұрсәт» шағынауданы №31 үйдің ауласы
«Нұрсәт» шағынауданы №31 үйдің ауласы

Айтпақшы…

Балалар алаңқайындағы ең басты талап – бүлдіршіндердің қауіпсіздігі. Сондықтан да, олар автокөлік жолынан, автотұрақ және қоқыс жиналатын жәшіктерден 15-20 метр алыс жерде орнатылуы тиіс. Алайда біздің қаладағы ойын алаңқайларының біразы мұндай талаптарға мүлдем сай келмейді. Мұны жауапты сала мамандары да біледі. Бірақ, шара көрілмеген. Айналып келгенде қала аумағында сезіліп отырған жер тапшылығы балалар алаңқайының тынысын тарылтып тастаған. Абай ауданы бойынша инфрақұрылым мен көріктендіру бөлімінің басшысы Гүлжан Алтаеваның айтуынша, артық-ауыс бос жердің тапшылығынан қоқыс жәшігін қоятын орын әзер табылуда екен. Мамандар қолдан келгенше көпқабатты тұрғын үй ауласындағы жерді сақтап қалуға тырысатындарын тілге тиек етеді. Дегенмен, ауланы абаттандыру, күтіп ұстау жұмыстарын белгілі бір мекемеге жүктеп, тапсырмайынша, жағдай өзгермейін деп тұр.