Бес күнде тәртіп бұзған 500-ден аса жасөспірім ұсталды

624
Фото: //srcnlsk.ru

Оңтүстік Қазақстан полиция қызметкерлері «Жасөспірім» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында 5 күннің ішінде 500-ден аса кәмелет жасқа толмаған құқық бұзушыларды ұстады. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Негізінен, осы рейд кезінде 656 жасөспірім ішкі істер органдарына жеткізілген. Олардың ішінде 507 жасөспірім әкімшілік құқық бұзғандары үшін, 78 жасөспірім қадағалаусыз және панасыз жүргендері үшін ұсталған.

Бес жүзден аса ата-ана балалары алдындағы міндеттерін орындамағандары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлері рейдтік іс-шара жүргізіп, түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде жүрген 636 жасөспірімді, ойын сауық орындарында болған 15 жасөспірімді ұстады.

Қоғамдық орындарда алкагольдік ішімдік ішкен 7 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 72 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.

Құқық бұзушылыққа бейім 37 жасөспірім профилактикалық есепке, 111 қолайсыз отбасы ішкі істер департаментінің есебіне алынды.

Іс-шара барысында жасөспірімдерден 2 дене жарақатын салатын қару және 2 пышақ табылды. Бұл рейд облыс өңірінде 2015 жылдың 10 сәуіріне дейін жалғасады. Негізгі мақсат – жасөспірімдер арасында жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықты болдырмау және алдын алу, кәмелет жасқа толмағандарға алкоголь және темекі бұйымдарын сатуға жол бермеу, қару-жарақтар мен тыйым салынған заттарды және түнгі уақытта жасөспірімдердің ойын-сауық орталықтарында қараусыз немесе бақылаусыз жүруін анықтау болып табылады.

Аталмыш іс-шараға 1000-ға жуық полиция, прокуратура, денсаулық сақтау, ата-аналар комитеті мен «Нұр Отан» партиясының қызметкері жұмылдырылды.