Қатерлі ісік –үкім емес

018-007

Дер кезінде емдесе, обырды да жеңуге болады. Алайда ақ халаттылар көп жағдайда науқастар дерті асқынған кезде ғана дәрігердің есігін қағатынын айтады. Мұндай жағдайда ауруды жазуға мүмкіндік болмайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек,  әлемде жыл сай­ын 10 млн. адам қатерлі іскке шалдықса, олардың 8 милли­о­ны бақилық болады. Ал елімізде жылына 30 мыңға жуық науқас аталмыш аурумен тіркеуге алынса, оның 17 мыңнан астамы көз жұмады. Яғни, бұл әрбір жетінші адам  обыр дертінен көз жұмады деген сөз. Осыдан-ақ, қатерлі ісіктің қаншалықты қауіпті екенін  біле беріңіз.  Мамандар бұрын-соңды аты көп айтыла бермейтін қатерлі ісік ауруының түрлері бүгінде  «алқымнан алып»  тұрғанын айтады.   Соның бірі – жатыр мойын ісігі.

Дәулетбек Жұмағали, облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары:

– Қазір жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу жөніндегі көптеген шаралар қолға алынуда. Соның бірі – ауруды қоздыратын папиллома вирусына қарсы вакцина егу. Вакцина 10 жас пен 45 жас аралығындағы қыз-келіншектерге егіледі. Себебі, статистикаға сүйенсек, папиллома вирусын жұқтырудың жоғарғы шегі көбіне 16-20 жас аралығында. Вакцинаны жасөспірім қыздарға қолданудың өзіндік себебі бар. Егер екпе алғашқы жыныстық қатынасқа дейін жасалса, қатерлі ісікті болдырмауға кепілдік береді. Ал жыныстық қатынастан кейін салынса, тиімділігі алғашқыдай болмауы мүмкін. Сондықтан, жастардың жыныстық қатынасқа ерте түсуіне байланысты екпе егу 11-12 жастағы қыздардан басталып отыр. Бірақ, вакциналау жасатқаннан соң да тексеруден өтуі шарт. Себебі, вакцина денсаулықты 100 пайыз қорғамайды.

Жатыр мойын ісігі

Жатыр мойын ісігі – жас қыздардың болашағы үшін өте қауіпті дерт. Облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары Дәулетбек Жұманұлының айтуынша, жыл сайын дерттің бұл түріне шалдығатын нәзікжандылардың  саны артуда. Сорақысы сол, ертеректе көбіне егде жастағы адамдарда ғана кездесетін ауру жасарып келеді.
– Қазіргі таңда қатерлі ісік аурулары жасарып кетті. Бұрындары ол 40-50 жастағы әйелдерде кездессе, қазір 22-25 жастағы қыз-келіншектерде де байқалып жүр, – дейді маман.

018-008

Қалай пайда болады?

Алдымен осыған тоқталайық. Дәрігердің сөзіне сүйенсек:

•  Ерте жыныстық өмір бастау;

• 16 жасқа дейінгі уақытта бала көтеру мен туу;

• Жыныстық жол арқылы берілетін қабыну аурулары;

• Түсік және түсіктен кейін жатырды тазартқанда;

• Эрозия, полип және жатыр мойнының басқа да аурулары асқынса;

• Темекі тарту және гормоналды контрацептивтерді бес жылдан астам уақыт бойы пайдалану аурудың пайда болуына әкеп соқтырады.

Сондай-ақ, маман жатыр мойын ісігінің пайда болуына  адам папилломасы вирусы (АПВ) да себепші болатынын айтты.

018-006

 

 

Алғашқы белгілері

– Сүт безі қатерлі ісігінің алғашқы белгілерін омыраудағы түйін немесе өзге де ауырсынулар арқылы байқай алауға мүмкіндік болса, жатыр мойыны қатерлі ісігі асқынып кеткенше сезілмейді. Дегенмен, жаңадан пайда болған қатерлі ісік бірден ұлғайып кетпейтінін ескерсек, бұл аурудан айығуға болады. Әсіресе, бірінші, екінші дәрежеде болған жағдайда 100 пайыз айығуға мүмкіндік бар. Бұған қазіргі медицинаның құдіреті жетеді, – дейді Дәулетбек Жұманұлы.
Осы ретте маман барша нәзікжандыларды мейлі ол тұрмыстағы келіншек болсын немесе мектеп жасындағы оқушы болсын әр алты ай сайын денсаулығында ешқандай кінәрат болмаса да, дәрігерге қаралып тұруға, уақытылы скринингтен өту керек екенін айтты.  Одан бөлек қыз балалардың жеке гигиеналық тазалығын  сақтап, жыныстық қатынастан кейін қарапайым кір сабынмен жуынуға, папиллома вирусының алдын алу үшін иммунологиялық егілуге кеңес берді. Ал екпені жасату не жасатпау қыздардың өз еркінде дейді маман.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №18, 06.05.2015