«Секундомерлер» жойылады

262

Қоғамдық көліктердің бағытын өз алдына бағамдайтындар құзырлы органдардың құрығына ілінді. Олардың атқарып жүрген істері заңсыз деп табылып, аялдама маңынан қуылып жатыр. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандары құзырлы орган өкілдерімен бірлесіп, арнайы рейд жұмыстарын ұйымдастырды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=K89PDq5qgkI[/youtube]

Көпшілікке «секундомер» атымен таныс азаматтардың жұмысы айтпаса да белгілі. Қоғамдық көліктердің жүру уақытын санап тұратындарды кез келген аялдамадан кезіктіресіз. Уақыт өлшеп, әр автобусқа бағыттық көліктердің жүріп-тұруын ақылы баяндап отыратын олардың бұл қылығы заңсыз болып шықты.

Жарқын Байдуллаев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары: «Негізі әр қоғамдық көліктің өзінің графигі болады. Соған қарамастан секундомерлер тағы қосымша уақыт қояды. Осылардың заңсыз жұмыстарының нәтижесінде өзара бәсекелестік туып, жарыс басталады».

Өздерінің арнайы жүру сызбасы, жүру тәртібі бола тұра секундомердің көмегіне жүгінген автобустардың қатысуымен түрлі жол апаты орын алған. Мұны мамандар да растап отыр. Сондықтан оларды аялдамада тұрғызбаудың жолына көшкен.

Бұл жолғы рейд барысында ескерту беріліп, хаттама толтырылды. Қатаң ескерту алғандардың бірі- Тұрғанбай.  Ол «СМУ-4» аялдамасында екі жылдан бері жұмыс жасап, тоғыз бағыттағы қоғамдық көліктің жүріп-тұруын өлшеп келген. Айына 23 мың жалақы аламын деген азамат кімге жұмыс істейтін айтпады.

Тұрғанбай (51 жаста): «Мен бұл аялдамада екі жылдан бері тұрамын. Жалақым – 23 мың теңге. Күніне 2-3 мың теңге түседі. Осы уақытқа дейін заңсыз екенін білмедім. Енді басқа амалын табамыз да, қайтеміз. Өзім болсам, жұмыссызбын. Бұрын зауытта істегенмін».

Аялдамадағы уақыт аңдитындарды қалалық ішкі істері бөлімі қатаң қадағалауға алыпты. Олар енді бірер күнде барлық секундомерлердің жұмысын тоқтататына сенімді. Ол үшін үш ауданның учаскелік полицейлері атсалысып жатқан көрінеді. Рейд барысында оншақты секундомерден сұрау алынды. Ескерту берілді.

Өздерінің атқарып жүрген қызметтерінен еш заңсыздық байқамаған азаматтар түрлі сылтау айтып, өздерін ақтап жатты. Енді бірі автобустар секундомерлердің көмегінсіз жүре алмайтынын алға тартады. Ал автобус жүргізушілері бұл азаматтардың қызметіне мұқтаж емеспіз деп отыр.

Ал қоғамдық көліктердің қатысуымен орын алатын жол-көлік апатын азайтуды көздегендер мұндай шара аялдамадағы секундомерлер тазаланғанша жалғасатын айтты. Ескертуге құлақ аспағандардың ісі сотқа өткізіліп, арнайы шара көріледі.

Сапархан Аппазов, қалалық ішкі істер басқармасының инспекторы: «Енді үш аудан бойынша арнайы топ жұмыс істейтін болады. Нәтижесінде секундомерлер жойылады. Ол дегеніміз – жол-көлік апаты азаяды деген сөз. Бүгін ескерту беріп, хаттама толтырып жатырмыз. Егер ескертуге құлақ аспай, кәсібін қайта жалғастырса, сотқа өткіземіз. Қылмыстық кодексте көрсетілгендей айыппұл салынады немесе 5 тәулікке қамауға алынады».