Шымкентте қоғамдық көліктерде үш рет ұялы телефон ұрлаған 53 жастағы тұрғын сотталды. Қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оны Қылмыстық кодекстің «Ұрлық» бабымен кінәлі деп танып, бас бостандығын үш жарым жылға шектеді. Және 100 сағатқа қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеді. Қоғамдық көліктерде жолаушылардың қымбат бұйымын қолды қылған азамат Кентау қаласының тұрғыны болып шықты. Жәбірленушілер оған кешірім берген. Алайда сотта оның бұрын да ұрлық жасап, рақымшылықпен жазадан құтылып кеткені белгілі болған.
«Н.С-ті Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалсын. Оған тағайындалған бас бостандығын шектеудің барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгіленсін және жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда жылына 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылсын»
СОТ КАБИНЕТІ ЖҮЙЕСІ
Сот тергеуінде айыпталушының жәбірленушілердің қалтасынан құны жоғары iPhone маркалы телефондарды жымқырып, кейін оны арзан бағада сатып жібергені анықталған. Ал қаражатты жеке қажетіне жұмсаған. Ол өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген. Ал жәбірленушілер кешірім беріп, істі тоқтатуды сұраған. Десе де сот оның бұрын да ұрлық жасағанын, қылмыстық жауаптылықтан рақымшылықпен босатылғанын ескерген.
Дилара Иса






