Мемлекеттік қызметкерлердің мәселесі майшаммен қаралды

445

Мемлекеттік қызметкерлердің мәселесі майшаммен қаралды. Екі күнге созылған тәртіптік кеңес отырысында бақандай 15 лауазым иесінің істері сынға ілінді. Олардың арасында аудан әкімдерінің орынбасарларынан бастап бөлім мамандары да бар.

Кеңес мүшелерінің сынына алдымен Ордабасы ауданындағы бес бірдей мемлекеттік қызметкер ілікті. Аудан әкімінің өкімімен арнайы жұмысшы топ құрылып, жеке кәсіпкерлік нысанға тексеру жүргізілген. Оның құрамында аудандық ветеринария бөлімінің басшысынан бастап жер қатынастары, сәулет және құрылыс бөлімінің маманы мен ауыл әкімі де бар.

Қанат Сапарбеков, хабарламашы: «Топтың басшысы Алсейітов Әмірхан бастаған топ мүшелері заңға сәйкес тексеру тағайындаудың орнына өздері барып актілеп, мал базарының жерін өлшеу және басқа да жұмыстарды жүргізген. Сонымен қатар заңсыз тексеру жүргізген.»

Аудан әкімі Самат Сапарбаев бұдан хабардар болғанмен, заңдылығының байыбына бармағанға ұқсайды. Халықтан арыз түскен соң жұмысшы топты өзі құрған.

Самат Сапарбаев, Ордабасы ауданының әкімі: «Арыз түскеннен кейін жұмысшы топ құрылған. Комиссия емес, жұмысшы тобы. Онда сол арызда көрсетілген мән-жайларды анықтау үшін сондай тапсырма берілген.»

Аудан басышысының айтқанын екі етпейтін жұмысшы топтың жетекшісі құзырлы органға тіркелместен өз бетінше әрекетке кірісіпті.

Кеңес мүшелері ветеринария бөлімінің басшысына өз қызметіне сәйкес еместігі туралы ескерту берді. Ал қалған қызметкерлер ар-намыс заңының талабын бұзғаны үшін жазаланатын болды.

Кеңесте Мақтаарал аудандық білім бөлімінің басшысы Қуатбек Бапаев пен оның орынбасарының тәртіптік ісі де қаралды. Олар мектептер мен балабақшаларға пандус орнату және жөндеу жұмыстарын жүргізуге 130 млн теңге белгілеп, конкурс жариялаған. Мәлім болғандай, ауданның бірінші педагогы нақ осы жерде олқылыққа жол беріпті.

Қанат Сапарбеков, хабарламашы: «Бөлім басшысының орынбасары С. Тұрбеков №3929 хатпен «Нұр Проект Монтаж» ЖШС-не және дәл сол шығыс нөмірмен әлеуетті өнім беруші «Алтын ЛТД» ЖШС-не білім беру мекемелерін жөндеу жұмыстарын жүргізуді 107 760 350 теңгеге сатып алу әдісімен ұсынған. Яғни, әлеуетті өнім беруші «Алтын ЛТД» ЖШС-іне білім беру мекемелерін жөндеуге ұсынған 105 412 100 теңгенің жұмысын орындау жөнінде ұсыныс берместен ЖШС-не 107 760 350 теңгенің жұмыстарын атқаруға ұсыныс берген. Кәсіпкерлерге 2 347 720 теңгеге артықшылық көрсеткен.»

Отырыс кезінде заңды белден басқан лауазым иелері тиісті тәртіптік жазаларын алды. Кейбірі қызметіне сәйкес емес деп танылса, енді біреулеріне кеңес мүшелері әдеттегідей кешірім жасады.