Шекарада оққа ұшқан қазақстандықтың соңында жеті баласы қалды

725

Қазақ-өзбек шекарасында оқыс жағдай орын алғаны туралы суыт хабар тез тарады. Мемлекеттік шекарада оқ атылған. Өзбекстандық сақшылар шекара маңына жақын жерде балық аулап жүрген отандастарымызға қару кезенген дейді куәгерлер. Соның салдарынан 37 жастағы Сарыағаш ауданының тұрғыны көз жұмды. Қазір оқиға орнында шекара қызметі «Оңтүстік» өңірлік басқармасының қызметкерлері жұмыс істеуде.

Қайғылы оқиға 28 маусым күні болған. Сарыағаш ауданына қарасты Қызыләскер ауылының тұрғындары Уәлихан Ахметов пен Жеңіс Бекешов Сырдария өзеніне балық аулауға шығады. Қайыққа мінген олар байқамай қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы маңына жақындапты.

Сол кезде өзбекстандық шекарашының бірі бұларға қарай оқ атқан. Қашпақ болғанда оқтың бірі Уәлихан Ахметовке дәл тиеді. Ауыр жарақаттан ол сол жерде жан тапсырған. Марқұмның анасы кінәлілердің жазасын алғанын қалайды. Бала-шағасын асыраймын дегеннің бәрін атып тастау әділетсіздік деп жылап отыр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=8LRd03jnK_w[/youtube]

Осылайша Ахметовтар отбасы қара жамылды. Айдың-күннің аманында арысынан айырылған жандар көз-жасқа ерік берді. Марқұм отбасының нәпақасын осы Сырдария өзенінен тауып келіпті. Күнделікті қайықпен балық аулап, соны сатумен айналысқан екен.

Бірақ ол кеше соңғы рет қармақ салғанын білмесе керек. Ал досы Жеңіс Бекешовтың айтуынша, олар Өзбекстан шекарасына мүлдем жақындамапты. Тіпті, бізге ескерту ретінде аспанға оқ атпады дейді.

Жеңісбек Бекешов, марқұмның лосы: «Жағаға өт» деді. Содан патырлатып атып тастады. Басқа ештеме айтпады. Одан кейін ештеме есітпедім, автоматтың даусынан басқа».

Ресми ақпарат бойынша ҰҚК шекара қызметі «Оңтүстік» өңірлік басқармасының басшылары осы жағдайға байланысты өзбекстандық әріптестерімен кездесу өткізген. Ала тақиялы ағайынның сөзінше, біздің отандастар Өзбекстан аумағына кіріп кеткен көрінеді. Аспанға бір рет ескерту ретінде оқ атып, ал екіншісін тура дәлдеген.

Мұхтар Анарбеков, ҚР ҰҚК шекара қызметі баспасөз қызметінің жетекшісі: «Өзбекстан жағының айтуына қарағанда, бұлар шекарадан өтіп кеткен дейді. Өзбекстан территориясында балық аулаған екен. Сондықтан олар аспанға бір рет ескерту оғын атыпты. Сол кезде оны біздің жігіттер тыңдамай қаша бастаған кезде қайыққа қарай оқ атқан. Бұл — Өзбекстан жағының сөзі. Ал жаңағы қайықта тірі қалған жігіттің сөзіне қарағанда олар ешқандай Өзбекстан жағында болмаған. Қазақстанның шекара сызығы бойымен балық аулаған».

Қазір оқиға орнында әскери прокуратура мен әскери тергеу басқармасы жұмыс істеуде. Оның қорытындысы кейін белгілі болады. Ал марқұмның артында аңырап жеті баласы мен жұбайы қалды. Кенжесі әлі бір жасқа да толмапты.