ОҚО әкімі Төле би ауданында болды

721
Сүт фермасы
Өңір басшысы Б.Атамқұлов жұмыс сапарымен Төле би ауданына барып, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Алдымен Сарқырама ауылындағы «Атамекен Корпорациясы» ЖШС-нің мал бордақылау алаңы мен сүт фермасын және сүт өңдеу цехын аралап көрген облыс әкімі осы ауылда «Атамекен» корпорациясының қолдауымен салынған дәрігерлік амбулаторияда, шаштаразда, спорт алаңшасы мен ауыл ардагерлеріне арналған қымызханада болды.
Сүт фермасыОсы тұста облыс әкімі кәсіпкерге барлығына үлгі болатындай жұмыс атқарғанын айтып, қалталы азаматтарға бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауылды көркейтіп дамытуға үлес қосуды ұсынды. Сондай-ақ, зәулім және заманауи үлгіде салынған мәдениет үйінде болып, әжелер хорының арнауын тыңдап, ауыл шаруашылығы көрмесін тамашалады.
Ауданда өндірілетін жалпы өнімнің 60% астамын ауыл шаруашылығы саласы құрайды. Бұл бағытта биыл аудан жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Аграрлы салада өзіндік салмағы бар Төле би бал қымызымен де ерекшеленеді.
Жылына 3 мың тоннадан астам қымыз өндіретін шаруаларға осы саланы дамыту мақсатында мемлекеттен 12 млн теңге субсидия берілді. Алдағы уақытта субсидия көлемі артып, өнім көлемі 5 мың тоннаға жетеді деп жоспарлануда.
Сонымен қатар жұмысшы топ республикамыздың сүт секторындағы жетекші кәсіпорын – «ФудМастер-Шымкент» компаниясының зауытында болды. Бүгінде «ФудМастер» өнімі барлық халықаралық сапа нормаларына жауап береді. Зауытта тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өнімдері шығарылады. Мұнда осы жылдың соңғы 3 айының өзінде 3,8 мың тонна сүт өңделіп, 994,8 млн теңгенің өнімі өндірілген.
120-дан астам азаматты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын 16 шаруа қожалығынан бөлек облыс халқынан күнделікті сүт жинаумен айналысатын 30 жеткізушімен жұмыс істейді. «ФудМастер-Шымкент» зауыты өңірдің экономикасына тұрақты қаржы құйып отырады және жауапты салық төлеушісі болып табылады. Зауыттың соңғы бес жыл ішінде төлеген салығы 600 млн теңгеден асты.
Өңір басшысының жұмыс сапары «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында Леңгір қаласында салынған 200 адам қабылдайтын емхана мен 150 орынды орталық ауруханада жалғасты. Мұнда тұрғындарға білікті 41 дәрігер мен 150-ге жуық медбике қызмет көрсетеді. Ауруханадағы жаңа заманауи құрылғылар Ресей, Оңтүстік Корея, Германия сынды мемлекеттерден жеткізілген.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі