Қазақстанда мемлекеттік қызметке қабылдау тестін тапсыру ережесіне өзгеріс енгізілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Оңтүстік Қазақстан облыстық департаментінің мамандары хабарлайды.
«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға үміткерлерге арналған тестілеудің жаңа бағдарламасы бойынша түсіндірме
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы №416-V заңына сәйкес тестiлеуді ұйымдастыру ережесіне өзгерістер мен қосымшалар енгізілді.
Жаңа тестiлеуді ұйымдастыру ережесіне сәйкес үміткерлер мемлекеттік тілді білуге арналған, Қазақстан Республикасының заңнамаларынан және жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеуден өтеді. Ал логикалық тест алынып тасталды.
Заңнамаларды білуге арналған тестілеу үш бағдарламадан тұрады:
Бірінші: 9 заңнама, 110 минут, өту нәтижесі нормативтік құқықтық актілерден (135 сұрақ) дұрыс жауаптардың жалпы саны 95-тен аз болмауы қажет.
Екінші бағдарлама: 8 заңнама, 100 минут, өту нәтижесі нормативтік құқықтық актілерден (120 сұрақ) дұрыс жауаптардың жалпы саны 72-ден аз болмауы тіис.
Үшінші бағдарлама: 6 заңнама, 80 минут, өту нәтижесі нормативтік құқықтық актілерден дұрыс жауаптардың (90 сұрақ) жалпы саны 45-тен төмен болмауы қажет.
Жоғарыда көрсетілген әрбір нормативтік құқықтық актілерден 15 сұрақтың шектік мәні 5-тен аз болмауы тиіс. Осы тесттен оң нәтижемен өткен үміткер 20 минуттан кейін жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестке қатысады. Ал шекті мәннен төмен нәтижемен өткен үміткерлер жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестке жіберілмейді және 2 айдан кейін қайта тестілеуге қатыса алады.
Ескерте кететін жағдай, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы №416-V және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V заңдарына сәйкес тесттік тапсырмалар өзгерген.
Жоғарыда аталған мәселелерге байланысты толық ақпараттар kyzmet.gov.kz және adilet.zan.kz сайттарында жарияланған.