Шымкентте түн ішінде «ГАЗель» жүк көлігі өртенді. Бұл жайында суыт хабар өрт сөндіру қызметінің кезекшісіне сағат 03:13-те түскен.
Қоңырау шалғандар 1 Мамыр көшесінде бортты «ГАЗель» көлігі жанып жатқанын айтады. Оқиға орнына дабыл бойынша екі өрт сөндіру бригадасы аттанған. Құтқарушылар жедел қимылдап, сағат 03:45-те көлікті сөндірді.
Бұдан кейін полиция қызметкерлерімен бірге сол маңдағы сыртқы бейне-бақылау камерасының жазбасын көрген көлік иесі «ГАЗельге» түн ішінде белгісіз біреудің мінбек болған байқайды. Ол көлікті ұрламақ болса керек. Ары-бері әрекеттеніп, ішке кіре алмаған адам соңында кабинаның терезесін сындырып кіреді. Сөйтіп, шағын жүк көлігін оталдырмақ болғанымен, онысынан түк шықпаған.
Қазір көлік иесі белгісіз адам оталдыру үшін «ГАЗельдің» тоқтарын бір-біріне жалғауы мүмкін деп болжап отыр. Себебі, өрт сөндіру қызметінің анықтаушылары ұшқын қысқа тұйықталудан шыққан деген мәліметті тексеруде.