Туысының көлігін ұрлап кетіп, апатқа ұшыраған күдікті ұсталды

96

Жетісай АПБ-нің кезекші бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны арызданады. Шағымданушы ер азамат өз арызында, болашақ қайынжұртының үйіне барып, көлігін үйдің сыртқы жағына қойып кеткенін, алайда қайта шыққанында автокөлігі жоқ екенін көрсетеді.

Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 12 миллионнан астам теңгені құрайды. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 200-бабы «Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша тіркелді. Аулада тұрған автокөлікті рұқсатсыз айдап әкету дерегін ашу мақсатында аудандық полицейлер тез арада іске кіріседі.

Қажетті деп тапқан шараларды жүзеге асырады. Автокөлікті жымқыру жайтынан соң, дәл осы түні 3-4 сағат өткеннен кейін, орталық ауруханалардың біріне жол-көлік оқиғасы салдарынан дене жарақатымен бірнеше жас жігіттердің түскендігі туралы хабарлама келіп түседі. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 345-бабымен «Көлік құралдарын басқаратын адамдарның жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» қылмыстық іс ретінде тіркелді.

Тексеру барысында үлкен тас жолы бойында, автокөлікті басқарып келе жатқан жүргізуші жылдамдықты тым асырып, соның салдарынан көлікті игере алмай, электр бағанасына соқтығысқаны белгілі болды. Сондай-ақ, жол-көлік апатына түскен көлік, аулада тұрып із-түссіз жоғалған жәбірленушінің көлігі екендігі анықталды. Ал, көліктің кілтін рұқсатсыз алып, айдап кеткен жас жігіт жолдастарын отырғызып, қала ішінде қыдырып жүргендігі айқындалды. Оған қоса, күдікті жас жігіт, бұған дейінде көлікті мас халде басқарғандығы үшін жүргізуші куәлігінен айырылған болып шықты. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өз мал-мүліктеріңізге сақ болыңыздар деп ескертеді. Көліктеріңізді, пәтерлеріңізді қараусыз қалдырмай, қажет болса бейнебақылау, дабылқаққыштарды орнатуға кеңес береді. Ал, ұрлық жайтының куәсі немесе құрбаны болсаңыз, полицияның «102»телефонына хабарласыңыздар. Уақыт өткізбей, тез арада берілген ақпарат қылмыстың жылдам ашылуына өз септігін тигізеді.

 

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі