Биыл Қазақстанның мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Татьяна Бурмистрованың сахнадағы шығармашылығына — 30 жыл. Мерейтой құрметіне орай өнер иесі күнгейлік тыңдармандары алдында есеп берді.
Сахнадағы 10 жылдық үзілісіне қарамай тыңдарман Татьянасын жазбай таныды. Дәстүрлі әнші өнерге сарп еткен 30 жыл уақытын мұнда сөзбен емес, әні арқылы жеткізді. Халықтың төл туындыларын- термелерін нақышына келтіре орындап, насихаттады. Осылай елге, жерлестерінің алдында есеп берді.
Татьяна Бурмистрова, Қазақстанның мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші: «Тіл — адамның ішкі жан-дүниесін сыртқа шағаратын құрал. Ал терменің ішіндегі сөздер — маржан, сөздің маржаны. Маржан деген өзі судың бетінде емес, тереңінде жатады. Сондықтан оны теріп айту үшін өзіңе сондай қасиет дарымаса, оқуменен шектелі мүмкін емес. Енді Құдайдың маған берген дарыны, қасиеті болар, киелі туған жерімнен дарыған қасиет шығар, әйтеуір, мәнерлеп айтуға тырысамын. Ән айтқанда ол менің тамағыммен емес, жүрегімнен шығып жатқан сияқты.»
Меңгерген мамандығы дәрігер болғанымен, жасынан қазақы әндерге құмартып, оны шебер орындайтын әншіні жерлестерініің сағынғаныны бірден байқалды. Сахна төрінде қара домбырамен жүйіткей терме-жырды жаңғыртқан Татьяна Бурмистрованың тәлімгерлері де кештің төрінен табылды.
Әбдіманап Сәрсенов, Т.Бурмистрованың ұстазы: «Біздің мектепте көркем өнерпаздар үйірмесі жұмыс жасайтын. Міндетті түрде жыл он екі ай шәкірт тәрбиелейді ондағы ұжым. Ал Татьяна қыз өзі сондай өнерге әуесқой болды, өзінен-өзі келіп, сол үйірмеге қатысты да кетті. Алғашында тек ән салатын, домбыра тартуды білмейтін, оны өзім үйреттім. Осылайша халық әндерін, термелер мен авторлық әндерді де кейіннен өзі емін-еркін домбыраның сүйемелдеуімен айтатын дәрежеге жетті. Сондай алғыр, ізденімпаз қыз болып өсті. Осылайша көптің көзіне ілікті, құрметке бөленді. Мектеп қабырғасында жүргенде үнемі аудандық, облыстық өнер байқауларына қатысып, жүлделі 1-орынды жеңіп келетін».
Гүлмира Қуанышқызы, көрермен: «Мен Татянаның әнге, қазақтың өнеріне деген құрметіне тәнтімін. Шығармашылығын сыйлаймын! Оның әндерін де сағынып қалыппыз, бәрінен бұрын араға жылдар салса да өнер әлеміне қайта оралып, халық қазынасын дәріптер жүргені үшін қуаныштымын. Әншінің бұл қадамы көпұлтты тәуелсіз еліміз үшін өнеге, үлгі».
Қазақтың қара өлеңдеріне, халық әндеріне қанат бітіріп, оны шарықтай шырқаған Татяна Бурмистрова сөз арасында жерлестерімен сырласуды, ұлттық дәстүрді дәріптеуді де ұмытқан жоқ. Кеш кейіпкері — мәдениет қайраткерінің «Әйелді сүйсең, күнше сүй» атты мерейтойлық кеші енді еліміздің өзге де аумақтарында жалғасын таппақ.