Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Түркістан облысының Құрметті азаматы, «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» және «Отан» ордендерінің иегері, белгілі әнші әрі термеші Татьяна Бурмистрованың шығармашылық қызметінің 50 жылдығына арналған мерейтойлық ән кеші жоғары деңгейде өтті.
Салтанатты кешке Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, мерейтой иесін айтулы белесімен құттықтады.
Өңір басшысы Татьяна Бурмистрованың ұлттық өнерді насихаттаудағы және қазақ мәдениетін дамытудағы елеулі еңбегіне тоқталып, оған ерекше құрмет көрсетті. Сонымен қатар өнер қайраткеріне облыс жұртшылығының ыстық ықыласы мен алғысын жеткізді.
Кеш барысында әншінің өмірі мен шығармашылық жолын қамтитын арнайы бейнеролик көрсетіліп, қазақтың халық әндері мен дәстүрлі өнер туындылары орындалды. Өнер иесінің орындауындағы көпшілік сүйіп тыңдайтын шығармалар шырқалып, оның өнердегі жарты ғасырлық еңбек жолы кеңінен насихатталды.
Сондай-ақ ақындардың мерейтой иесіне арнаған жырлары оқылып, кеш иесінің ұлттық руханият пен мәдениетке қосқан сүбелі үлесі ерекше дәріптелді.
Мерекелік іс-шараға мәдениет және өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, өнерсүйер қауым мен өңір тұрғындары қатысты. Көрермендер әншіге зор қошемет көрсетіп, шығармашылық кеш көтеріңкі көңіл-күй мен ерекше әсерге толы болды.
Татьяна Бурмистрова – қазақтың дәстүрлі ән өнерін дәріптеп, ұлттық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу жолында өлшеусіз еңбек етіп келе жатқан көрнекті өнер қайраткері. Мерейтойлық кеш оның өнердегі жарқын жолын тағы бір мәрте айшықтап, көпшілікке рухани тағылым сыйлады.







